Мемлекет жаңа бизнес идеяларға қолдау көрсетуде – Жамбыл облысы
Мемлекет шағын және орта кәсіптің көкжиегін кеңейту мақсатында түрлі кешенді шаралар қабылдап келеді. Әр түрлі санаттағы азаматтарға арналған қайтарымсыз қаражаттың шарапатын көріп келе жатқан ел азаматтары ауыл-аймақтың әр түкпірінде жемісті еңбек етуде. Сондай бірнеше кәсіп иелерімен BAQ.KZ тілшісі кездесіп қайтты.
Ел аузында «Қайтарымсыз грант» деп мәлім болған жоба жүзеге асқалы елімізде көптеген тың кәсіпкерлік нысандар ашылғаны мәлім. Алғашында пилоттық жоба ретінде ұсынылған бастама бүгінде талай данның, талай отбасының нәсібі болып отыр. Биылғы бизнес идеяларды іске асыру үшін берілетін қаражат 1 476 800 теңгені құрайды яғни, 400 айлық есептік көрсеткіш. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал аталған мемлекеттік қолдауды алуға ниетті азаматтар бірнеше санат бойынша тіркелуі қажет. Ең бастысы, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Аталған талаптардан өтіп кәсіп бастаған жандардың бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының тұрғыны Біржан Ділдабеков. Ол көпбалалы әке ретінде жобаға қатысып, ауылда жоқ жоспарды апарып, қорғап, қайтарымсыз грант иегері атанды. Қолдау арқасында фаст-фуд орталығын ашты. Қоғамдық тамақтану саласында тәжірибені осы уақытқа дейін түрлі жерде жүріп меңгеріп алған.
Күнделікті қанша тапсырыс түсетінін нақты санамадым. Әр кезде әртүрлі. Кейде өте көп тапсырыс түседі, қабылдап үлгермей жатамыз. Сондай-ақ, тапсырыс өте аз түсетін күндер болады. Біздің мәзірде пицца, шағын пицца, тауық қанаттары, бәліштер мен фри бар. Бағалары қолжетімді. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болсын деп, тапсырысты тегін жеткіземіз. Тапсырыстарды өзім апарамын. Ал бұл жерде екі адамды жұмысқа қабылдадым. Олар – аспазшылар. Негізі бұл идеяны көптен бері ойланып жүрген болатынмын. Алла нәсіп етіп, биыл орталығымыз ашылды. Өте қуаныштымын. Маған осы істе қолдау білдірген жақындарыма, мемлекеттік бағдарламаға айтар алғысым шексіз.
Ендігі ғана ісін бастаған азаматтың ойынша, аз қаражатпен де кәсіп ашуға болады. Тек еңбек пен шыдамдылық болса болғаны. Алайда, бастапқыда кездескен қиыншылықтар да болғанын жасырмады. Алғашқыда тұтынушы табу, жаңа тағамдарды әзірлеу туралы мүлдем түсінігі болмаған азамат көп ізденістің арқасыда аз ғана уақытта ауыл ішінде екі нүктесін ашты. Бүгін барлық істің басы-қасында өзі айналысып жүр.
Әр істің басын бір шалып жүрдім.. Кейіннен ой келді, неге тұрақты бір кәсіп ашпасқа деп. Саралай келе, тамақтану бизнесі қашанда сұранысқа ие деп шештім. Бірден осы салаға тоқталдым. Өйткені аудан орталығы болса да бізде жылдам әзірленетін тамақтану орындары біреу ғана бар. Барып жүргенде үнемі кезек күтіп тұрамыз немесе алдын ала тапсырыс беріп, оны да біршама уақыт күтіп қалатынбыз. Сөйтіп, ойлана келе, мен де ерекше кәсіпті қолға алдым. Иә, қандай да бір іс болмасын, адамға алдымен тәуекел керек. Одан соң соған бейімі, ынтасы, жігері ұштасса қай кәсіпті болса да дөңгелетіп әкетеді. Қазір тұрақты тұтынушыларымның қатары артты. Ел үйренді, елдің сұранысын талдап, саралап, соған сай қызмет етуге мен де төселдім. Таңғы сағат 10.00-ден бастап, түнгі 00.00-ге дейін тапсырыс қабылдаймын. Тұтынушылар әлеуметтік желі арқылы да байланысқа шығып, тапсырыс береді. Жоқ, қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ, сабыр керек, шыдам керек және ең бастысы, қаржылық аздап сауаттылық керек. Менің ойымша, кәсіп бастау қиын емес. Бастысы, бастаған істің байыбына барып, өз ісіңді жақсы көріп, өзіңізді дамытып отыру қажет. Кәсіп бастаған тұста тек ақшаны ойлай бермей, бір мезгіл қоғамға да пайдасы болсын деп ойлану керек. Сол кезде ісің алдыға басып, ойың жүзеге аса бастайды, – дейді Біржан Ділдабеков.
Иә, расында ауданда өз тағамдарын ұсынатын орталықтар жоқтың қасы. Ал кәсіп иесінің негізгі мақсаты сұраныс нысындағы дүниені жасау болған. Айналысатын іске бел шешіп тоқталған соң, ол ойынан шығатын ғимарат іздеген. Нысан ауылдағы маңызды жолда тұрғандықтан бұл жерден адам үзілмейді. Осы ретте «фаст фуд» термині 1920 жылы Америкада пайда болғанын айта кетсек. Aмерикада әрбір 10 адамның тоғызы кем дегенде айына бір рет аталған өнімді қолданады. Америкалықтар 1970 жылы фастфудқа 6 миллиард доллар жұмсайтын еді. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 142 миллиард долларға өсті. Осындай үлкен сұранысқа ие тағамның бүгінде ауылды жерлерде де қолжетімді болуы көңіл көншітеді.
Айта кетейік, Жамбыл ауданы бойынша ағымдағы жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантты 110 азамат алды. Жалпы бөлінген қаражат көлемі 162 млн 448 мың теңгені құрайды. Оның ішінде мүгедектігі бар 26, аз қамтылған 4, асыраушысынан айрылған 9, көп балалы 62, мүгедек бала қараушы 9 азамат бар. Аудандық «Мансап орталығы» мамандарының мәліметінше, қайтарымсыз несие алғандардың бас бөлігі төрт-түлік баптауды жөн санаған. Ауылда бұрын болмаған бизнес жобалар да ашылды. Мәселен, 1 адам бал өндірісі, 1 адам құс шаруашылығы, 2 адам балық шаруашылығы, 1 адам балмұздақ жасау қызметі, 1 адам вулканизация, 1 адам гриль және донер құрылғыларын жасап шығару өндірісі, 1 адам, дәнекерлеу цехы, ал, 2 адам дизайнерлік қызмет, тағы 1 адам әйнектен және ағаштан ыдыстар өндіру ісін қолға алған. Сонымен қатар ауылды аймақта мемлекеттік көмектің арқасында жиһаз, кондитер, терезе шығару шеберханалары мен массаж кабинеттері де ашылған.