Кеше 2026, 13:10 Фото: Carlo Allegri/Reuters

Трамп мұнай бағасы туралы: "Бұған тек ақымақтар ғана сенеді"

АҚШ көшбасшысы баға өсімін уақытша құбылыс деп атады.

АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасының күрт қымбаттауы уақытша жағдай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ол өзінің  Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Иранның ядролық қаупі жойылғаннан кейін мұнай бағасы тез төмендейді. АҚШ пен бүкіл әлемнің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін бұл – өте аз ғана баға. Бұған тек ақымақтар ғана басқаша қарайды! – деп жазды Трамп.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясынан кейін мұнай бағасы шынымен де күрт көтерілген. Әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазының жабылуы және Таяу Шығыстағы мұнай инфрақұрылымына жасалған соққылар жанармай бағасының күрт өсуіне себеп болды.

Осы аптада Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін шамамен 85 долларға дейін көтерілді. Бұл – 2025 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Ұлттық банкі мұнай бағасы барреліне  60 долларға дейін төмендеуі мүмкін екендігін айтты.