Британия барлау қызметінің басшысы ЖИ биологиялық қару жасауға көмектесуі мүмкін екенін ескертті
ЖИ және биологиялық қару қаупі: MI5 басшысының мәлімдемесі
Жасанды интеллект террористер мен жаулас мемлекеттердің ажал әкелетін биологиялық қару жасау қаупін арттырады. Бұл туралы Ұлыбританияға төнген қатерлер туралы жылдық баяндамасын ұсынған Британия барлау қызметінің (MI5) бас директоры Кен Маккаллум мәлімдеді.
«Адамзат тарихында өзімізден ақылды әрі интеллектуалды тұрғыдан бізді шаң қаптыра алатын субъектімен бетпе-бет келу тәжірибесі болған емес», – деп атап өтті Маккаллум.
MI5 басшысы сондай-ақ жаулас мемлекеттер тарапынан төнетін қауіп-қатерлердің артқанын хабарлады.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Ұлыбританияда Ресей, Қытай және Иранның әрекеттеріне байланысты істер саны төрт есеге көбейген.
Диверсиялар мен кибершабуылдарды қосқанда, мұндай қатерлерге қарсы тұруға MI5 «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіндегі кез келген уақытпен салыстырғанда әлдеқайда көп қаражат бөліп отыр, – деп баса айтты Маккаллум.
Бұған дейін Германия ІІМ басшысы да қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің «қырғи-қабақ соғыс» заманында болған қатерлерден де ауқымдырақ екенін мәлімдеген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Билл Гейтс 2027 жылы ЖИ-ді қолдану арқылы жасалатын кибершабуылдар күрт артатынын айтты.