Бразилияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 46-ға жетті
Нөсер жауынның жалғасуына байланысты мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Бразилияда 23 ақпаннан бері толассыз жауған нөсер салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 46 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Минас-Жерайс штатының өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, Жуис-ди-Фора және Уба қалаларын су басқаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Ресми мәлімдемеде қаза тапқандар саны 46 адамға жеткені, ал 21 адамның із-түзсіз жоғалғандар қатарында екені айтылды. Жергілікті билік табиғат апатынан ең қатты зардап шеккен Жуис-ди-Фора қаласында қауіп деңгейінің жоғары болуына байланысты 3 600 тұрғынның үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, нөсер жауын әлі де жалғасады. Осыған байланысты билік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.
Минас-Жерайс штатының губернаторы Ромеу Зема жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында зардап шеккендерге гуманитарлық көмекті жеткізу басты міндет екенін айтты. Сондай-ақ өңірді қалпына келтіру үшін орталық билікпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Луис Инасиу Лула да Силва әкімшілігі баспанасыз қалған тұрғындарға арналған жаңа көмек пакеті муниципалитеттерге жіберіледі деп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Бразилияда су тасқыны мен көшкіннен кемінде 20 адам қаза тапқаны туралы жаздық.