БҚО-да жол жөндеу жұмыстары кезінде бюджеттің 56,5 млн теңгесі ұрланды
Жолдарды жөндеуге 259 млн теңге сомасына шарт жасалған.
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, 2023 жылғы наурызда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеуге 259 млн теңге сомасына шарт жасалған.
«Сапак» ӨК директоры «Ак-Би» ЖШС-нің директоры сөз байласып, сеніп тапсырылған қаражатты иемдену схемасын ұйымдастырған. Күдіктілер орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметтерді жүйелі түрде енгізіп отырған. Құжаттарда асфальт төсеу, жер қазу, бетондау, су құбырларын жүргізу және басқа да жол жұмыстары толық көлемде көрсетілгенімен, іс жүзінде олар орындалмаған немесе әлдеқайда аз көлемде атқарылған, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Сондай-ақ, жалған актілер негізінде тапсырыс беруші бюджет қаражатын «Сапак» ӨК-нің есепшотына аударып отырған. Кейін қаражат схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Мемлекетке келтірілген материалдық залал 56,5 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Оларға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, бұған дейін сот үкімімен «Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін 152 миллион теңге жымқырған кәсіпкерлер жауапқа тартылған болатын.