Ботай қонысынан тарихи жәдігерлер табылды

Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр ауылы маңындағы ежелгі Ботай мәдениеті қонысынан бірегей артефактілер табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 «Ботай» республикалық мұражай-қорығымен Красный яр елді мекенінде археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда.

Красный яр қонысы 20 ғасырдың 80-ші жылдары ашылғанын атап өткім келеді. Табылған кезде барлау жұмыстары жүргізілді. Осыдан кейін 2000-шы жылдары ғана Қазақстан-Америка бірлескен экспедициясы мұнда археологиялық жұмыстарын бастады. Міне, екінші жыл қатарынан «Ботай» республикалық музей-қорығы тұрақты археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруда, – деді «Ботай» республикалық мемлекеттік музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақов.

Биыл «Красный яр-2022» қазба жұмыстарының 160 шаршы метрі салынды, екі тұрғын үй ойпаты мен тұрғын аралық кеңістік зерттелуде.

Бүгінгі таңда солтүстік аумақтағы тұрғын үй тереңдігі 70 см-ге дейін, оңтүстігі 60 см-ге дейін төмендеді. Жалпы, бастапқыда біз қабатты үй деп ойладық, бірақ кейін бұл екі түрлі тұрғын үй екендігін анықтадық. Сонымен қатар, сүйектер көмілген шұңқыр табылды. Онда еттің ілініп сақталғаны байқалады, – деп түсіндірді «Ботай» музей-қорығының ғылыми қызметкері Қанат Ескендіров.

Археологтардың айтуынша, ботайлықтар етті шұңқырға жинап, көміп тастаған. Ал оның үстінен оттегін шығару үшін от жағылған. Сондықтан ет ұзақ уақыт бойы  сақталған.

2022 жылы Красный яр елді мекенін қазу кезінде 1300-ден астам артефакт табылды. Көбісі кремнийден жасалған. Атап айтқанда, аң аулау үшін қолданылған жебелер, тері өңдеуге арналған қырғыштар бар. Сондай-ақ ағаш өңдеуге арналған тас балта, балық аулауға арналған арпун-сүйектен жасалған бұйымдар, тігуге арналған сүйек тескіш, қыш ыдыстарды өрнектеуге арналған тарақты мөртаңбалар, тұрмыс-салттық мақсаттарға арналған ойықтары бар өрнектелген фалангалар табылды. Сонымен қатар моншақтар да бар. Яяғни ежелгі ботайлықтардың түрлі әшекей бұйымдар да жасағанын аңғаруға болады, – деп атап өтті «Ботай» музей-қорығының ғылыми қызметкері Руслан Хайыргелдинов.

Бірақ Ботай мәдениеті қонысынан алғаш табылған үшкір сүйек пышақ ең бірегей олжа болды. Бұрын мұндай артефактілер ешқашан кездеспеген.

Маусым айында қазба жұмыстарына мектеп оқушылары келді. Бүгінде мұнда сегіз студент жұмыс істейді. Колледждің 4 курс оқушысы Ержан Сәлтаев екі апта қазба жұмыстарымен айналысты.

Біріншіден, қазба жұмыстарының қалай жүргізілетіні қызықтырды. Екіншіден, бұл жұмыс маған қатты ұнайды. Археологтар маған қоңырау шалып, қазба жұмысына қатысуға өтініш білдірді. Мен бірден келістім. Жақында дартс, жебе, пышақ ұштары табылды. Әрине, мұндай олжаны тапқан кезде қуанышқа бөленесің, – дейді студент.

Археологтар атап өткендей, Красный яр қонысы орта есеппен Ботайдан 600 жылға кіші, яғни ол шамамен 5,5 мың жыл бұрын пайда болған. Табылған барлық артефактілер енді радиокарбонды сараптамаға жіберіледі. Бұл олардың жер астында қанша уақыт жатқанын анықтауға көмектеседі.

Кейіннен біз Красный яр елді мекенінде ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық саябақ-мұражай құруды жоспарлап отырмыз. Оқушылар, зерттеушілер, туристер, студенттер келіп қоныстарды өздері көре алатындай Ботай тұрғын үйлер қонысын қайта жасақтағымыз келеді, – деп түйіндеді Қуаныш Шақшақов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы