«Борат» фильмінен кейін біз өзімізді мүсәпір ел ретінде сезінбеуіміз керек – сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек бүгін «Желмая» жобасында қонақта болып, «Борат» фильмінің айналасындағы шу, әлем елдеріндегі жағдайлар турасында пікірімен бөлісті.
«Бораттың» айналасындағы жағдайды қысқа қайырар болсам – «ит үреді, керуен көшеді». Қазақстан әлемге тек «Борат» арқылы танылған жоқ. Біздің басқа да символдарымыз жетерлік. «Бораттың» бірінші фильмінде Қазақстан туралы абсурдтық информация, ол жерде сатира жоқ. Ол жерде Қазақстанның орнында кез келген басқа мемлекет бола алады. Жалпы кез келген кемелденген, өзіне сенімді адам өзіне қарсы айтылған орынсыз сынға, келемежге аса мән бермейді. Біз өзіміздің қандай екенімізді білеміз. «Борат» фильмінен кейін біз өзімізді мүсәпір ел ретінде сезінбеуіміз керек, қайталап айтамын, «ит үреді, керуен көшеді, - деді ол.
Жұмабек Сарабек бұл фильмдегі назар аударар мәселе – мемлекеттік рәміздерді қорлау екенін айтады.
Бұл мәселеге әрине, Сыртқы істер министрлігі тарапынан реакция болуы керек. Ол сөзсіз. Алдағы уақытта реакция болады деп ойлаймын. Себебі азаматтар арасындағы көңіл толмаушылықтың ауқымын ескерсек, кез келген саналы билік қандай да бір шешім шығаруы керек. Фильм авторларының қаншама ел ішінде неге Қазақстанды таңдап алғаны мені де қызықтырды. Оған бірнеше нұсқа бар, соның бірі – «Борат» фильмі Америкада орын алған террористік әрекеттерден кейін түсірілген және сол кезде «стан» деген жалғауы бар мемлекеттер ел аузында көптеп айтылып жүрді. Сондықтан бір «станы» бар мемлекет керек болды. Ал картада жер көлемі жағынан аймақтағы ең ірі елдердің бірі біздің ел. Меніңше, Қазақстан осы себепті таңдалып алынды. Фильмге қатысты тым қатты шулап кетуіміздің бір шеті – аса сезімталдылық. Меніңше, ондай олқылықтан арылу керек. «Борат» сияқты абсурдтық әзіл немесе қисынға келмейтін, Қазақстанға қатысы жоқ өнер туындыларына шектес тыс реакция білдіріп қажет емес. Ал рәміздерге қатысты жағдай заңгерлердің құзырындағы мәселе деп ойлаймын, - дейді ол.Айта кетейік, жақында Лондон қаласында Саша Коэннің тағы бір мүсіні пайда болды. Онда жалаңаш жатқан актер бұтына Қазақстан туын лыпа етіп киген.
Азамат Жолдамбаев, Мақсат Мамадияров бастаған бірнеше қазақтың намысшыл жастары «Борат-2» фильміне наразылықтарын білдіріп, Алматы жастары АҚШ-тың бас консульдығына барып, Бораттың қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етті.
Осы жағдайлардан кейін эстрада әртістері бастаған әлеуметтік желі қолданушылары жаппай наразылық танытып, «Мен туымды мақтан етемін» атты патриоттық акцияны жүргізе бастады.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Борат-2» фильмінің жарыққа шығуына байланысты пікірін білдіріп, фильм оның да намысына тиетінін айтқан еді.
Ал Бекболат Тілеухан бұл фильм адамгершілік пен әдеп шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін айтты.
Кейіннен СІМ атышулы «Борат-2» фильміне қатысты түсініктеме беріп, арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынып жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ «Бораттың» режиссері фильмге не себепті Қазақстанды таңдағанын түсіндірді.