Студенттер "Болашақ" түлектерімен кездесті
Алматы, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері "Болашақ" стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Диалогтік алаң форматында өткен басқосуда педагог мамандығының кәсіби және психологиялық қырлары, мұғалімнің біліктілігіне маңыз беретін және осы тарапта көптеген мүмкіндікке жол ашатын заманауи білім беру жүйесін модернизациялау мәселелері кеңінен талқыланды.
Көтерілген тақырыптар төңірегінде аталған қауымдастықтың Алматы қаласындағы филиалының директоры Қымбат Әбдікерімова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Рәбиға Қожамқұл, Сулейман Демирел атындағы университеттің оқытушысы Алтынай Өмірзақова және бизнес-технолог Венера Бабаева сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, жиын барысында Қыздар университетінде педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлері де өзіндік ойларын білдіруге мүмкіндік алды.
"Педагогикалық қарым-қатынас жасаудың негізі – білім беруді гуманизациялау екендігін ерекше атап өткім келеді. Мұғалім мен студент арасындағы, сонымен қатар пәндік-практикалық іс-әрекеттер білім алушының дамуында маңызды рөл атқарады", - деп атап өтті "Болашақ" стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығының Алматы қалалық филиалының директоры Қымбат Әбдікерімова.
Тақырып төңірегінде студенттер де пайымды пікірлерін білдірді.
Болашақ мамандардың ойынша, білімгер мен мұғалім арасындағы сенімді қарым-қатынастың орнауы – қос тарап үшін де маңызы зор. Ол – ізгілік пен құрметтің пайда болуына әсер етіп, табысқа бірге қол жеткізіп, туындаған қателіктерді ортақтасып шешуге мүмкіндік береді. Бойжеткендер бүгінгі қоғамдағы педагог мәртебесі туралы көзқарастарын да білдіріп, болашақта қандай ұстаз болатыны турасында тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жиында университеттің Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Гүлжан Оразаева да сөз алып, өзінің педагогикалық жұмыстағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, аталған салада мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың тиімді тұстары жетерлік. Бұл әрекеттер өзара сыйластыққа, сенім мен өзара көмекке негізделуі тиіс екен.
"Педагогикалық қарым-қатынас ең алдымен мұғалімнің тікелей өзіне байланысты. Бұл тарапта оның педагогикалық шеберлігі мен ортамен байланыс жасау мәдениетінің деңгейі басты рөл атқарады. Оқыту мен тәрбие – күнделікті еңбекті қажет етеді. Егер де ұстаз жеткіншекті қалыптастыруға бүкіл жан-дүниесімен беріліп қызмет қылса қоғамға да, мемлекетке де үлкен пайда әкелмек", - дейді жиын қатысушылары.