«Болашақ ойындары» спорттың жаңа дәуірін бастайды – Fidgetal International басшысы
Дэн Мерклидің айтуынша, турнир киберспортты, технологиялық дисциплиналарды және фиджитал спортты біріктіреді.
Fidgetal International ұйымының бас директоры Дэн Меркли Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары» турнирі спортты дамытудың жаңа дәуірін ашатын бірегей халықаралық дода екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, турнир киберспортты, технологиялық дисциплиналарды және фиджитал спортты біріктіреді. Мұнда қатысушылар цифрлық және физикалық форматта қатар бақ сынайды.
Болашақ ойындары – фиджитал спорт әлеміндегі ең ірі оқиға. Бір спортшылар алдымен бейнеойында жарысса, кейін нақты спорт алаңына шығып, бәсекені шынайы өмірде жалғастырады. Дәл осы үйлесім турнирді ерекше тартымды етеді, – деді Дэн Меркли.
Ол сондай-ақ фиджитал қозғалысы жастарды заманауи цифрлық технологияларға деген қызығушылығын сақтай отырып, дене белсенділігіне тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дэн Меркли «Болашақ ойындары – 2026» турнирін ұйымдастырушыларға, Қазақстан Үкіметіне және қазақстандықтарға жылы қабылдауы мен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.
Болашақ ойындарын тамашалаудың басты себебі – оның ерекше атмосферасы. Көрермендерді жоғары деңгейдегі ұйымдастыру, жарқын эмоциялар, тартыс пен драматизм күтеді. Себебі бұл жарыста жеңімпаз спортшылардың цифрлық және физикалық қабілеттерінің жиынтығы арқылы анықталады, – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Болашақ ойындары – 2026» 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетінін хабарладық. Сондай-ақ жүлде қоры қанша құрайтынын жаздық. Ойындарға қазақстандық командалар да қатысып, бақ сынайды.
Тағы оқи отырыңыз: Counter-Strike 2, PUBG, Dota : Астанада бүгін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі басталады
Астанада бұрын-соңды болмаған форматтағы баскетбол басталды: Кімдер бақ сынайды?
Робот пен адам бір алаңда: «Болашақ ойындарының» ашылуынан фоторепортаж