"Болашақ" бағдарламасы қажет пе?
Алдағы уақытта еліміздегі "Болашақ" бағдарламасы біртіндеп қысқаруы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек BAQ.KZ-тің YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Министр сұхбатында "Болашақ" бағдарламасын әрі қарай дамыту, қолдаудың қаншалықты қажеттілігі болады?" деген сұраққа жауап берді.
Қазір "Болашақ" бағдарламасы бізге қатты көмектесіп жатыр. Президенттің ғылыми-тағылымдамаларға қатысты бастаған бастамасы бар ғой. Орталықтарды дамыту үшін біз қазір көптеген оқытушыларымызды, профессорларымызды жіберіп жатырмыз, - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол жоғары білім беру саласында шетелдік білім ордаларымен бірге қолға алынған тәжірибе алмасуға тоқталды.
Бұған дейін айтқанымдай, мысалы, Хериот-Уат Эддинбург кампусында Жұбанов университетінің 23 оқытушысы қазір оқып келді. Яғни ақырындап сол трансформациялық команда дейміз, соны "Болашақ" арқылы оқытып жатырмыз. Бірақ иә, уақытымен "Болашақты" ақырындап қысқартамыз. Қаржыландыру да қазір бізде оңай емес жағдай. Split PhD деген мәселені бастап жатырмыз. Split Degreе, яғни магистратура бір жыл Қазақстанда осы мықты орталықта ағылшын тілінде, сол стандартпен оқиды. Екінші жыл – шетелде білім алады, - деді Саясат Нұрбек.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылғы оқу жылында Қазақстанға 31 500 шетелдік студент келгенін айтты. Бұл тарихи рекорд. Ресейден 3000, Үндістан мен Пәкістаннан – 12 500, Қытайдан – 2000 студент келді. Сондай-ақ Нигерия, Моңғолия, Әзербайжан, Италия, Франция, АҚШ, Австралиядан студенттер бар.