Блогерлер мен вайнерлерді тарту ұят. Депутаттар қаржы пирамидаларына қатысты заң жобасын әзірледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Ли қаржы пирамидаларына кіріп кеткен халықтың проблемасын айтып, уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдады.
Осы жылдың 11 сәуірінде «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС қаржы пирамидасының зардап шеккен инвесторларының бірі еліміздің астанасында өзін өртеп жіберді. Бұл трагедияға не себеп болды? – деді мәжілісмен.
Ли атап өткендей, қаржы пирамидаларының жұмысына заңмен тыйым салынған. Бірақ оңай жолмен ақша табуды көздеген адамдар асығыс қадамдар жасап, осындай күмәнді жобаларға ақша салуды жалғастырып келеді.
Алаяқтар шектен тыс сенімділікті пайдаланып, мыңдаған қазақстандықты жинақтарынан, көліктері мен пәтерлерінен айырды, көпшілігі қарыз бен несиеге батып кетті. Бұл азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығының төмендігімен де байланысты. Мұндай фактілердің қайталанбауы үшін тек зардаптармен ғана емес, мұндай алаяқтардың жазасыз қалуына ықпал ететін жағдайлармен де күресу керек, - деп есептейді Юрий Ли.
Бұған дейін де Мәжіліс депутаттары халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық пирамидалар мен заңсыз қаржылық әрекеттерге қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде бірнеше рет мәселе көтеріп, депутаттық сауалдар жолдаған.
Өтініштердің бірінде «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС-нің қаржылық пирамидасын жарнамалауға қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажеттігі туралы айттық. Біз мұндай пирамидаларды жарнамалауға БАҚ өкілдерін, блогерлер мен вайнерлерді тартуды ұят және қылмыс деп санаймыз. Қазір олардың көпшілігіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті ол.
Депутаттың сөзінше, депутаттар мен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге қатысты бастамашылық заң жобасын әзірледі. Тиісті рәсімдерден кейін заң жобасы қаралады.
Алаяқтықпен, интернет-алаяқтық және қаржы пирамидаларымен күресу үшін уәкілетті органдардың жол картасы қабылданып, биыл ғана жүзеге асырыла бастағанын білеміз. Бас прокуратураның жанынан арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейді. Алайда, біз бұл ауқымды, күрделі жұмыстың айтарлықтай нәтижесін әлі көріп тұрған жоқпыз, жалпы халық ол туралы ештеңе білмейді, - дейді Юрий Ли Мәжілісте.
Депутат көтерілген мәселелерді негізге ала отырып, өз ұсынысын айтты:
1. Бас прокуратура алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы жұмысының қорытындылары туралы ақпарат ұсынсын.
2. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы нақты ақпарат ұсынсын.
3. Барлық уәкілетті орган осы проблеманың негізгі аспектілері бойынша халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.