Бүгiн 2026, 14:19 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Блогер Жанабыловтардан тәркіленген смартфондар аукционда сатылады

Әрқайсысының бастапқы бағасы – 484 990 теңге.

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова өз курсын сатып алушылар арасында ұтысқа тігуге уәде берген ұялы телефондар электрондық сауда порталына шығарылды.

Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 128 ГБ жады бар 17 дана iPhone 16 смартфонын сату туралы хабарландыру жариялады. Олардың екеуі – ақ, жетеуі – қара және сегізі – ультрамарин (қою көк) түсті. Бағалау қорытындысына сәйкес, барлық телефондардың жағдайы жақсы, техникалық сипаттамасы бойынша – жаңа.

Әр смартфонның бастапқы бағасы – 484 990 теңге, кепілдік жарнасы – 72 749 теңге. Сауда-саттық 8 шілде күні сағат 10:00-де басталады және бағаны көтеру әдісі бойынша аукцион форматында өтеді, - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Жанабыловтардың ұтыс ойынына тігілген автокөліктер Астанада сатылымға шығатыны хабарланды

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың ұйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.

Анықталғандай, Жанабыловтар тергеумен келісімге келді. Сот барысында судья әр айыпталушының ұстанымын жеке нақтылады.

Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды.

Сот отырысы барысында Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленетіні айтылды.