Біздің киноиндустрия «Голливудтан» 50 жыл артта келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің киноиндустриясындағы кемшіл тұстар мен ілгерілеген жерлері қандай? Осы тақырып аясында кинотанушы әрі киносыншы маман Дана Әмірбековамен сұхбат құрған едік. Маман отандық фильмдер мен телехикаялардағы жетіспеушіліктерін атап көрсетті.
– Сәлеметсіз бе, Дана ханым! Алғашқы сұрағымды көрермендер тарапынан көп қойылатын сұрақтан бастасам. Отандық фильмдерде жаттанды диалог пен жасандылықтан құтыла алмай келеді. Мұның себебі неде? Алдын алу үшін қандай іс-шара жүргізген дұрыс?
– Ең алдымен, телехиякаялардың шетелде қалай түсірілетіні және бізде қалай жасалатынына тоқталған жөн. Біріншіден, шетелдік сериалдарға құйылатын қаржы бізден әлдеқайда көп. Ал өз кезегінде бізде олардан он есе аз қаржыға түсіріліп жатады. Екіншіден, сол туындыны жазатын драматургтердің жетіспеушілігі мен аздығы себеп. Қарап отырсақ, шетелдік хикая сценраийін бір команда бірлесіп жазады. Мәселен, әйгілі Friends «Достар» сериалын 20 шақты адам әрбір бөлімін талқылаудан өткізіп барып жүзеге асырған. Өкінішке қарай бізде бір телехикая сценарийіне өте аз қаражат бөлінетін болғандықтан, оны кино саласынан хабары бар, жас мамандар жазады. Ондай маман, әрине, тәжірибесінің аздығынан оның үстіне аз қаражат берілген соң есеп беру үшін ғана жасайтын сияқты. Елімізде сценаристер бағаланып, оларға тиісті ақша бөлінсе туынды да жақсы шығары сөзсіз. Өйткені кинодан қарағанда телехикаяның табиғаты бөлек. Меніңше, көп нәрсе қаржыға барып тіреледі. Бұл түсірілім алаңындағы актерлерге, режиссерлерге де қатысты. Бүгінгі таңда актерлер ол жерге қаржы табу үшін емес бір көрініп қалсам екен деп барады.
– Соңғы уақытта тарихи туындылар саны артты. Басқа жанрларда фильмдер өте аз. Осы тұрғыда шетелдік мамандардан қандай үлгі алумыз керек? Олардың түсіру әдістемесі қандай?
– Біздің тарихымыз жанданғаны, оның белгісіз тұстарының ашылғаны жақсы, әрине. Алайда ол қаншалықты деңгейде ашылып жатыр. Міне, сол маңызды. Бүгінгі таңда елімізде түсіріліп жатқан тарихи туындылар есеп беру үшін немесе бар деген белгіге бола жасалатын сияқты. Жоғарыда айтып кеткенмідей, біздегі телехикаялар мен фильмдер түсірілуі жедел. Актерлері де, режиссерлері де қысқа уақыт ішінде тағайындалып, белгілі бір атақ пен мадаққа ие болуы үшін түсірілетін секілді. Әрине, бәрі емес. Голливудтың фильмдері неліктен сапалы екенін білесіз бе? Себебі олар бір туындыны жасау үшін 20 жылдай уақыт дайындалады. Сапалы шығу мақсатында кем дегенде 5 жыл уақыт жұмсайды. Сценраийлері әбден мінсіз болып, піспей қолға алмайды. Жылдар бойы сараптамадан өткен жазба әбден сенімділік тудырған соң түсірілімге кіріседі. Актерлері 2 немесе 1 жыл бұрын өз кейіпкерлерін алады. Бұл тұрғыда біздің актерлеріміз аз уақыт берілгендіктен түсіру алаңыда өз ролінің кейпіне де еніп үлгермейді. Бірақ біз актерлерімізді кінәлай алмаймыз. Шын мәнінде, еліміздің киноиндустриясы Голливуд мен Болливудтан 50 жыл артта келеді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!