Елде көп құжат «құпия» белгісімен сақтаулы, бұл ақтау жұмысына кедергі келтіруде – Берік Әбдіғалиұлы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы туралы брифингі барысында айтты.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, ол кеңестік кезеңнен бері құпия белгісімен қалып қойған құжаттар.
Репрессия құрбандарын ақтау жұмысы ең алдымен мұрағат ақтарудан басталады. Және ол жай мұрағат емес, оның жабық қорларымен жұмыс істеуді талап етеді. Комиссия мүшелеріне рұқсат қаздары берілгенімен, әлі де кейбір құжаттарға қолжеткізуде қиындықтар туындауда. Жабық қорлар мен кейбір ведомстволардағы мұрағаттардағы ақпараттармен танысу үшін оларға таңылған "құпия құжат" статусын шешу керек. Сондықтан комиссияның екінші отырысында осы мәселеге қатысты қосымша шешім қабылданды. Оның негізінде Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп арнайы комиссия құрдық. Комиссия құжаттарды құпиясыздандыру процесімен айналысады. Бұл тек біздің жұмысымызды ғана емес, ата-бабасын іздеп жүрген азаматтардың да іздеу салуын жеңілдетеді. Құжаттарды құпиясыздандыру өңірлердегі мұрағаттарда да жүргізілетін болады, - деді ол.
Тарихшының айтуынша, тек Ішкі істер министрлігінің жабық қорында 172 мың құжат «құпия» белгісімен сақтаулы. Құжаттарды құпиясыздандыру бір жылдан көп уақыт алуы мүмкін.
Бұған дейін Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысына 57 ғалымның жұмылдырылғанын жазған болатынбыз.