Біз балаларға науқас ретінде қарамаймыз – маман

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы "Мейірім" орталығы екі жылдан бері дамуында тежелуі бар балалардың өмірге бейімделуіне көмек көрсетіп келеді. Орталық директоры Сәуле Малғаждарованың айтуынша, осы уақыт ішінде 197 тәрбиеленушінің 126-сы коррекциялық мектептер мен балабақшаларда оқу мүмкіндігіне ие болған.

Педагогтар ерекше қажеттіліктері бар әр баламен жеке жұмыс істейді.

Орталықта сөйлеу қабілеті, психикалық дамуы бұзылған, церебралды сал, Даун ауруына шалдыққан балалар арнайы комиссияның жолдамасымен орталықта жыл бойы қабылданады.


Балалармен логопед, дефектолог, психолог, сурдолог мамандар жұмыс істейді. Олар дене шынықтырумен, сурет салумен айналысады, пластилинмен жұмыс істейді, түрлі шығармашылық үйірмелерге қатысады. Ерекші күтімді қажет ететін балалар үшін ең қажеттісі – кедергісіз орта. Кейін коррекциялық сыныпқа бара алуы үшін олардың бөгде адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білулеріне көп көңіл бөлінеді. Біз балаларға науқас ретінде қарамаймыз. Үйде оқитын балалардың да сабаққа деген ынталары жоғары. Бірақ мұндай балалардың араласатын ортасы тек ата-аналары мен мұғалімдермен ғана шектеледі. Келушілерге жайлы болуы үшін орталық ғимаратының қабырғалары ашық түстерге боялған, - дейді Сәуле Малғаждарова.

Жұмыс нәтижелі болу үшін әр бала жеке курстан өтеді. Күрделі диагнозбен келген балаларды өмірге бейімдеу үшін түрлі әдіс-тәсілдер
қолданылады.

Баланың әр қадамы – бүкіл ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Айталық, Санжар Хайриден есімді ұл баланың жаңа ғимаратқа келгендегі қорқынышын жеңуіне көмектесу үшін бәріміз бірге жұмыс жүргіздік. Бастапқыда айналасындағы адамдармен етене араласып кете елмады. Кейін мамандармен таныса келе бойы үйренді. Алғаш рет жаңажылдық ертеңгілікке қатысқанда Санжардың әрбір іс-әрекетін сырттай бақыладық. Өзге балалармен бірге ойындарға қатысқанына қарап оның өзгергеніне көз жеткіздік. Қазір Санжар өте белсенді бала, - дейді педагог мамандар.
Рома Шахнов есімді ұл да осындай үлкен қадам жасаған. Ол ата-анасы жанында болса да баспалдақтан төмен түсуге қатты қорыққан. Мамандар үздіксіз жұмыс жүргізген. Қазір Рома үлкендердің көмегінсіз төменге мініп түсе алады. Әлеуметтік педагог Анастасия Вереницына мұндай жетістіктерге мамандар мен отбасының тығыз байланысының нәтижесінде ғана қол жеткізуге болатынын айтады.
Біз үшін ата-аналардың пікірі аса маңызды. Сол себепті мониторинг жүргізіп отырамыз. Ата-аналар кәсіби педагогтар көмегіне, ал біз олардың қолдауына зәруміз, - дейді Анастасия Вереницына.


Орталыққа келетін балалар Застанционный поселкесінде иппотерапиямен, "Триатлон" спорт кешенінде суға жүзумен айналысады. Түрлі ойын-сауық орталықтарына барады. Ата-аналар ұжымның нәтижелі жұмысына жоғары бағалайды.

Бір жыл бұрын қызымның сөйлеу қабілетінің бұзылуына байланысты орталықтың көмегіне жүгіндік. Осындағы жайлы орта, балалармен тез тіл табыса білетін кәсіби мамандар жақсы әсер қалдырды. Орталық жұмысының нәтижесінде қызым ашылып, ең бастысы анық сөйлей бастады. Қазір қызым мектепке баруға асығып жүр, - дейді Гауһар Қоқышева есімді қала тұрғыны.
Орталық мамандары бірлеске жұмыстың нәтижесінде әр баланың балабақша, коррекциялық мектепке баруға мүмкіндік алатынын айтады.

Дамуында тежелуі бар балаларға ата-ана махаббатымен қатар, кәсіби мамандардың көмегі қажет. Қоғамда ерекше күтімді қажет ететін балаларға деген көзқарас өзгерді. Ата-аналар баланың дамуымен ерте айналысса, оның өмірді толық тануына мүмкіндік мол. Уақыт өткізбей, кәсіби мамандарға сенім артқан жөн. Әрине, бұл жерде үздіксіз жұмыс талап етіледі. Күнделікті, сағат сайын қиындықты бірге еңсеріп, тек алға жылжу керек, - дейді орталық директоры Сәуле Малғаждарова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы