Биыл өңірлердегі жылу желілерін жөндеуге 796 млрд теңге бөлінген
Степногорск, Талдықорған, Петропавл және Қарағанды қалаларында жылу магистральдары жаңартылды.
Қазақстанда электр станцияларының тозу деңгейі 52 пайызға, электр желілерінікі 65,7 пайызға, жылу желілерінікі 48 пайызға дейін төмендеді. Биыл бірқатар өңірде жылу магистральдары мен электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, өңірлік электр желілік компаниялар жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желісін және 444 қосалқы станцияны жөндеген. Бұл жұмыстар жоспарланған көлемнің 100 пайызын құрайды. Сонымен қатар 377 шақырым жылумен жабдықтау желісі толық жөндеуден өткен.
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жазғы кезеңде барлық өңірде жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, Степногорск қаласында 53 жыл бойы пайдаланылған ұзындығы 9,5 шақырым жылу желісі жаңартылған. Талдықорғанда 46 жыл бойы қолданыста болған қаланың негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымдық бірінші кезеңі реконструкцияланған.
Петропавлда 1980 жылдан бері пайдаланылып келген жалпы ұзындығы 4,3 шақырым жылу магистральдарының екі учаскесі жаңартылды. Ал Қарағандыда тозу деңгейі 81 пайыз болған, диаметрі 1020 миллиметр жылу магистралін реконструкциялау аяқталған.
Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан, энергия тиімділігі жоғары заманауи алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл жылумен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңа нысандарды қосу үшін қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді министр.
Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілген. Атап айтқанда, Астанада биыл ұзындығы 14 шақырым тарату электр желісі реконструкцияланды. Бұл желілерге 30 мыңнан астам абонент қосылған.
Қарағанды облысында «Жосалы» қосалқы станциясының сыртқы қондырғысына кіретін жиынтық тарату құрылғысы ауыстырылды. Нәтижесінде тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етудің резервтік схемасы жасақталған.
Сондай-ақ тозу деңгейі 92 пайыз болған Қарағайлы әуе электр беру желісінің барлық электр техникалық жабдығы толық ауыстырылды. Батыс Қазақстан облысында да бірқатар әуе электр беру желісі реконструкцияланған.
Министрдің айтуынша, электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге, электр желілеріне 393 млрд теңге, жылу желілеріне 19 млрд теңге бөлінген. Жалпы, жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27 пайызға ұлғайған.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде энергия нысандарының сенімділігі артып, халықты электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалады, – деді Ерлан Ақкенженов.
Тағы оқи отырыңыз: Қыста электр энергиясын тұтыну рекордтық деңгейге жетуі мүмкін: Қазақстан дайын ба?