Биыл қолға түскен браконьерлерге 77,7 млн теңге айыппұл салынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде браконьерлікпен күрес күшейтілді. Жыл басынан бері заңсыз түрде аңшылыққа шығып, балық аулаған азаматтарға 77,7 млн. теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынған. Олардың көпшілігі жұмыссыз жүрген жандар болып шықты. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді.

2019 жылдың басынан бері орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері 7421 табиғат қорғау рейдтерін және 871 тексеру жүргізді, 7313 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды, оның ішінде аңшылық бойынша-745, орман тәртібін бұзу бойынша-1024, Балық бойынша-5544. Әкімшілік жауапкершілікке 5921 адам тартылды, қылмыстық жауапкершілікке 48 адам тартылды, 77,7 млн. теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, 69,1 млн. теңге өндірілді, - деп баяндады Мақсат Байболов.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының сөзіне сүйенсек, аталмыш тапсырманы іске асыру шеңберінде ішкі істер министрлігі экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен, Бас прокуратурамен бірлесе отырып, браконьерлік үшін жазаны қатаңдатуға қатысты заңнамаға бірқатар түзетулер енгізген.

Жыл сайын "Бекіре", "Браконьер", "уылдырық шашу" сияқты жедел-алдын алу іс-шараларын ұйымдастырылады.
Ағымдағы жылдың қазан айында ел аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Браконьер" іс-шарасы өткізілді. 

Жалпы іс – шара нәтижелері бойынша 2 мыңнан астам (2442) табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды, оның ішінде: заңсыз аң аулау - 1155, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу – 160, заңсыз балық аулау - 642, биологиялық ресурстар объектілерін және олардың өнімдерін заңсыз сатып алу, өткізу және алып жүру - 31, аңшылық қаруды алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзу – 310 (2442), заңсыз аң аулау-1155, заңсыз балық аулау, басқа-144,- деп нақты статистикадан деректер келтірді. 

Анықталған фактілер бойынша 192 адамға қатысты 177 сотқа дейінгі қылмыстық тергеу басталды, оның ішінде жедел-іздестіру шаралары кезінде 51 адамға қатысты 47 іс сотқа жіберілді.

Баса айта кеткен жөн, биыл полиция органдары жалпы республика бойынша 10 мыңнан астам табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы