Биыл елдегі колледждерге 31 мың грант бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, оқу гранттарының саны жыл сайын колледждерде де көбеюде. 

Биыл колледждерге бөлінетін грант саны рекордтық 31 мыңға өсіп отыр. Оның 70%-ы – техникалық мамандықтарға беріледі. Колледждерге оқуға қолжетімділікті кеңейту үшін емтихандарды алып тастадық. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота енгізіліп отыр. Ал гранттар бұрынғыша әр колледжге берілмейді. Нақты талапкер тиісті грантты жеңіп алып, ол студент қай колледжді таңдаса, грантқа тиесілі ақша да сол оқу орнына берілетін болады, - деп түсіндірді ведомство басшысы. 

Сәйкесінше, бұл шара колледждер арасындағы бәсекелестікті арттырады деп отыр. Ал университеттер деңгейінде гранттар саны 15 мыңға көбейеді. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап университет қабырғасында білім алатын студенттердің шәкіртақысы да өседі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі биыл елімізде техникалық мамандықтарға бөлінетін грант 60%-ға артқаны туралы айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы