Биыл елдегі автожол саласына қазынадан 603 млрд теңге бөлінген

Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, жергілікті желі бойынша жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым автожол қамтылған.

Республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұрын басталған барлық жобаларды аяқтауымыз қажет. Бүгінде еліміздегі автожол саласындағы ондай жобалардың саны – 17-ні құрайды. Ал іске асырылуы 2024 жылға көзделген 4 мың шақырымды құрайтын жол желісі бар, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол келесі жылға дейін қанша шақырым жол пайдалануға берілетініне тоқталды. 

Жылдың соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 3 мың шақырым жолдағы жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды көздеп отырмыз, - деді министр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайырбек Өскенбаев республика аумағындағы 11 мың шақырым автожолға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы