Биыл 264 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді – Каринова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 250-ден аса мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Вице-министрдің сөзінше, 1-11-сыныптар үшін 13 мыңнан аса бейнесабақ түсіріліп, Kundelik жүйесіне және министрліктің интернет ресурстарына орналастырылды.

Барлық өңірге жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мектептерде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Биыл 264 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық мектеп тиісті әдістемелік ұстанымдармен қамтамасыз етілді. БҒМ тарапынан инструктивті әдістемелік хат дайындалып, жолданды, - деді ол.
Брифинг барысында вице-министр колледждер жұмысына да тоқтала кетті.
Оқу процесін ұйымдастыру бойынша 795 колледжде 470 мыңға жуық студенттің білім алуы жоспарланған. Олардың шамамен 150 мыңы І курс студенттері. Колледждердің жобалық қуаттылығы оқуды штаттық форматта жүргізуге толық мүмкіндік береді. Оқу пәндерінің шамамен 20%-ын қашықтан оқытуға рұқсат етіледі. Зертханалық, практикалық, өндірістік практика штаттық режимде өтеді, - деп толықтырды Шолпан Каринова.
Ол педагогтардың вакцина алуына қатысты сұраққа тоқталды.
Бүгінгі күні педагогтардың 99%-ы вакцина алды. Мектеп мұғалімдері өздерінің белсенділігін, түсіністігін танытып, оқу процесін дәстүрлі форматта өткізуге дайындықтарын көрсетті, - деп айтты Каринова.
Бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа оқу жылында қандай санитарлық талаптар сақталуы қажет екенін айтып берді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы