Бүгiн 2026, 12:03 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Бишімбаев пен Мәсімов мерзімінен бұрын босап шықпайды: ІІМ жағдайды түсіндірді

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 78-бабы бұл санаттағы сотталғандарға рақымшылық жасауға тыйым салатынын мәлімдеді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында сотталған Қуандық Бишімбаев пен Кәрім Мәсімовке рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер вице-министрден бұл тұлғалар рақымшылық аясында мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін бе деп сұрады.

Санжар Әділов бұл мәселеге қатысты министрліктің ұстанымы нақты екенін айтты.

Сіз атаған тұлғаларға қатысты жауабым – үзілді-кесілді жоқ, – деді ІІМ өкілі.

Неліктен рақымшылық қолданылмайды?

Вице-министрдің түсіндіруінше, мұндай шектеу Қылмыстық кодекстің 78-бабында тікелей көрсетілген.

Неліктен? Өйткені Қылмыстық кодекстің 78-бабы бұған тікелей тыйым салады, – деді Санжар Әділов.

Осылайша министрлік мәліметінше, Қуандық Бишімбаев пен Кәрім Мәсімов рақымшылық арқылы мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Парламентте жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы қаралып жатыр. Алайда заң жобасында сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау және қоғамға жоғары қауіп төндіретін бірқатар ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтыны көрсетілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Перизат Қайрат пен танымал блогерлер рақымшылыққа іліне ме?" деген журналистердің сауалына ІІМ ресми жауап беріп, министрлік резонансты істерге қатысты рақымшылықтың қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді.

Тағы оқи отырыңыз: Айыппұлдардан босату, жазаны жеңілдету: Қазақстан не себепті тағы рақымшылық жасамақ?