"Бірыңғай теңгерім ұстаушы" жобасы – басты бағыттардың бірі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында алдымызға қойылған нақты бағдарламалар мен бағыттарды айқындап берді. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға барынша көңіл бөліп, кәсіпкерлерді салықтан, тексеріс жүргізуден босатты.

Бұл жайында Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы. Алтай Жігітеков айтты. Ол алдымен шағын, әсіресе, микробизнестің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынына тоқталған Президенттің алдағы уақытта да бизнеске колдау көрсететінін қадап айтқанын еске салды. Бүгінде департамент соны басшылыққа алып, жұмыс істеп жатыр екен.

Біздің тарапымыздан мекемелердің, заңды тұлғалар мен жалға алып отырған кәсіпкерлік, басқа да тиісті ұйымдарға тиесілі мүліктер, пайдаланып отырған ғимараттарының есебі жүргізілуде. Осы ретте Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті, облыс көлемінде өз құзыреті шегінде республикалық мүлікті басқару саласында басшылықты, республикалық мүлікке мемлекеттің құқықтарын іске асыруды, жекешелендіру мен экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыратын Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық органы болып табылатынын айта кетейін, - деген ол бүгінде өңірде 257 республикалық және мемлекеттік заңды тұлға жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның 216-сы мемлекеттік мекемелер, 41-і мемлекеттік кәсіпорындар мен оның филиалдары екен.

Департамент жұмысындағы басым бағыттың бірі - "Бірыңғай теңгерім ұстаушы" жобасын іске асыру. Осыны жеткізген департамент басшысы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері алып отырған ғимараттардағы артық алаңдарды оңтайландыруды тұрақты түрде жүргізіп келе жатқандарын да әңгімеледі. Айталық, биылғы бірінші тоқсанда әділет органдарының аумақтық бөлімшелерінің қайта құрылуына байланысты 2816,4 шаршы метр алаң босатылған. Бұл алаңдардың 793 шаршы метрі департаменттің бұйрығымен коммуналдық меншікке берілсе, 1751,3 шаршы метрі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ның халыққа қызмет көрсету орталықтарын орналастыру үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің теңгеріміне берілген. Ал 130,9 шаршы метріне Жуалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімі орналастырылған.

Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің теңгеріміндегі артық алаңдарды оңтайландыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, департаментпен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық бөлімшесінің өкілдерімен бірлесе жүргізілген түгендеу нәтижесінде барлығы 8066,3 шаршы метр нормадан артық алаңдар анықталған болатын. Оның 5858,4 шаршы метрі оңтайландыруға жатады. Бүгінгі таңда 5685,5 шаршы метр алаң оңтайландырылып, жоспар 97 пайызға орындалды, - деді А.Жігітеков.

Ол Мемлекет басшысы Жолдауында "Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек" дей отырып зор мүмкіндіктерге жол ашты деп біледі. Жалпы департамент мемлекеттік мүлікті иелену және жекешелендіру бойынша республикалық бюджетке қаражат түсімін ұйымдастыру бойынша әжептәуір көрсеткіштерге қол жеткізген. Мәселен, бірінші тоқсанда аударылған қаражат көлемі – 11 506,94 мың теңгені құрайды екен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 110,62 %-ке артық. Республикалық мемлекеттік меншікті жекешелендіруден – 2 432,44 мың теңге, республикалық мемлекеттік меншікті жалға беруден 9 074,50 мың теңге республикалық бюджетке түскен.      

Сонымен бірге ірі және орта бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға республикалық меншіктегі мүлікті жалға беру бойынша ағымдағы жылдың басында 53 шарт қолданыста болған. Ал бірінші тоқсанда 5 шарт жасалынды. Мерзімі аяқталғаны – 1 шарт, жалға алушының өтініші негізінде мерзімінен бұрын бұзылғаны – 13, мүлікті жалға беру бойынша қолданыстағы шарттардың саны – 44-і құраса, оның жалпы ауданы 1744,44 шаршыметр алаңды алып отыр. Жалдау ақысы – 8 281,13 мың теңгені құраса, бюджетке жалдау ақыдан - 9 074,50 мың теңге түсті, - деді ведомство жетекшісі.

Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидасына сәйкес департамент биыл сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша жеке кәсіпкерлерлермен 5259,62 шаршы метр алаңға 33 нысан бойынша шарт жасапты. Оның 32-сі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және "Еңбек" РМК-ны мекемелерінің балансынан берілсе, бір нысан – Жамбыл облысында орналасқан жалпы ұзындығы 483,2 километрді құрайтын жоғары, орташа және төмен қысымдағы газқұбырлары "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-на сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген.

Алтай Жігітековтің айтуынша, биыл департаменттің сату кестесіне 28 нысан жекешелендіруге қойылған. Сауда-саттық арқылы сатуға шығарылған бұл нысандардың жиырма бесі 31074,4 мың теңгеге сатылыпты. Бұдан бөлек, департаменттің жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімімен 52 атқару өндірісі қабылданды. Бұл 14014 бірлік мүлікті құраған. Атап айтсақ, автокөлік – 10, алкагольдік өнімдер – 3838 бірлікті, дизельдік отын және бензин – 3564 литрді, темекі – 565 қорапты, кеңсе техникасы – 25, ХТТ – 9 бірлікті, этил спирті 6 мың литрді құрап отыр екен.

Жекелеген негіздер бойынша түскен мүліктерге комиссия отырыстары өткізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Комиссия шешімімен 25 атқару өндірісі бойынша 9606 бірлік мүліктерге бағалау жұмыстары жүргізілген соң мемлекеттік органдардың теңгеріміне ұсыну және ұсыныс түспеген жағдайда сауда-саттыққа қойылу туралы шешім қабылданды. 27 атқару өндірісі бойынша 4408 бірлік мүліктерді жою туралы шешім шығарылды, - деген департамент басшысы басқа мемлекеттік органдардың теңгеріміне жалпы құны 2 658 886 теңгені құрайтын 22 741 литр дизелдік отын мен бензин, 50 934 789 теңгені құрайтын халықтық тұтынатын тауарлар, 6 215 000 теңгені құрайтын 6000 литр және 3 тонна этил спирті берілгенін айтты.

Бүгінгі таңда департамент пен Жамбыл облысы әкімдігі қаржы басқармасының бұйрықтары негізінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 9 мың литр этил спирті беріліп, аталған мекеме одан 13 мың литр антисептик пен дезинфекциялық құралдарды дайындап, өңірдің емдеу мекемелеріне таратылуда. Жалпы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 19 атқару өндірісі жалпы құны 19 370 110 теңгеге бағаланып, электрондық сауда-саттықта 31 атқару өндірісі бойынша (50224 бірлік) мүліктер 50 058 960 теңгеге сатылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы