Біртанов ісі: Негізгі сот отырысының уақыты белгіленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сот бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты істің негізгі сот отырысының күнін белгіледі.
Бүгін «Біртанов ісіне» қатысты соттың шешімі шықты. Сот негізгі сот отырысының күнін белгіледі. Бірінші сот отырысы 26 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді.
Елжан Біртанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 361-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 361-бабының 3-бөлігімен және Олжас Әбішев Қылмыстық Кодекстің 361-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыс жасады деп айыпталып отыр.
Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті айыптау бойынша қылмыстық іс материалдарын қарап, сотталушылар мен олардың қорғаушыларының ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің бұзушылықтарын жою үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату және Елжан Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштерін қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарды. Сот Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық істі өндіріске қабылдау туралы шешім шығарып, негізгі сот отырысын 26 мамырға жалпы тәртіппен ашық сот отырысында белгілейді, - деп айтты Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов.
Сонымен қатар сот сотталушыларға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырып, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Еске сала кетейік, 11 мамырда бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот отырысы басталған болатын.