Біртанов басқа облыстағы емханада тіркеуде болғанын білмеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР денсаулық сақтау министрі алқа мәжілісінің кулуарында емханаға қағаз түрінде тіркеуден неліктен бас тартып, электронды форматқа өткендерін айтты.
"Бұл тұрғыда көп заңбұзушылықтар болды. Көптеген адамды емханаға өздеріне ескертпестен тіркеген. Мен өзім де сондай жағдайға тап болғам: басқа облыста тіркеліп тұрғанымды білген кезде Нұр-Сұлтан қаласына тіркелдім", - дейді Елжан Біртанов.
Министр әр адам өз денсаулығына қатысты жауапкершілік сезінуі керек екенін айтты.
"Әр адам емханаға тіркелу арқылы көп мәселені шешеді. Қай емханада тіркеліп тұрсыз, қаражат сол емханаға бөлінеді. Мысалы, өзінің басқа қалада тұрып, басқа қаладағы емханаға тіркелген болсаңыз, сіздің еміңізге арналған қаражат тіркеліп тұрған емханаға аударылады. Соның салдарынан қазіргі уақытта сақтандыру қорлары тарапынан көлемді айыппұлдар салынуда. Жергілікті әкімдіктерге емханада емханаға электронды түрде тіркелуге көмектесіп жіберетін адамдар болуы керектігі туралы тапсырма бердік. Жалпы алғанда электронды қолтаңбаға үйреніп келеміз. Әрине, егде жастағы және басқа да қажетті керек ететін адамдарға көмектесіп жіберу керек", - дейді ол.
Министр қай емханада тіркеліп тұрғанымызды қалай білуге болатынын айтты.
"Қазір eGov.kz сайтына кірсеңіздер, "медициналық қызметтер" деген бөлімді көре аласыздар. Сол жерде "Электронды паспорт" деген терезеге кіріп, қай емханаға және қай дәрігерге тіркелгеніңізді анықтай аласыз. Егер басқа қалада тіркелген болсаңыз, өзіңіз тұрған жерге тіркелуіңіз керек", - дейді Елжан Біртанов.
Бұған дейін ҚР денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Тоқсанқызы Қазақстанның қай өңірінде ана мен бала өлімі жоғары екенін айтты.