29 Қазан 2026, 11:12 Фото: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

«Бірнеше рет ескерту жасалған»: Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысының қызметтен босатылуына қатысты пікір білдірді

Бектенов энергетикалық балансты жаңартып, уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құруды тапсырды.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа энергетикалық нысандардың құрылысын жүргізу және оларды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына тиісті бақылау жасалмағаны үшін кеше «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Оған бірнеше рет ескерту жасалғанымен, тиісті қорытынды шығармаған. Сондықтан кеше Президент тарапынан қатаң сын айтылып, соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданды, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Осы орайда Премьер-министр Энергетика министрлігіне тапсырма берді.

Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру және алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауға тиіс.  Сонымен қатар Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін «таза» көмір технологияларын қолдануды, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және келесі жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды ескере отырып, еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық балансын жаңартуды қамтамасыз етуі қажет, - деді Олжас Бектенов. 

Еске салсақ, кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының шешімімен Қайрат Берікұлы Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Оның қызметінен босатылуына стратегиялық жобалардың баяулауы себеп болған.