«Бір апта хабарсыз кетті»: Шарджада қаза болған екі қыздың туыстары тың дерек айтты
Туыстары қыздардың бір апта бойы хабарсыз кеткенін айтты. Кейін олардың денелері табылған. Оқиғаның өзге мән-жайы әзірге тергеліп жатыр.
Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза болған Қазақстанның екі азаматының денесін елге қайтару мәселесі Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында. Ведомство марқұмдардың туыстарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Боханова Жұлдыз Мирамқызы мен Боханова Ақжан Мирамқызының Дубайда қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмдардың әпкесі Гүлжихан Амантаева Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында отбасы жақындарының денесін Қазақстанға жеткізу мәселесін шеше алмай отырғанын айтып, тиісті органдардан көмек сұраған.
Кейін BAQ.KZ редакциясы марқұмдардың туыстарымен байланысып, қайғылы оқиғаның кейбір мән-жайын білдік.
Туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған екі қыз Шарджа қаласында жұмыс істеген. Олар тамыздың соңы – қыркүйектің басында Қазақстанға оралуы керек болған. Алайда шамамен бір апта бұрын қыздар жақындарымен байланысын үзген.
«Біз оларды жан-жақтан іздедік. Мүмкін, миграциялық полицияда шығар деп ойладық. Бірақ кеше бізге екі адамның денесі табылғанын және олардың біздің сіңлілеріміз екені хабарланды. Оларды өлтірген, денелерінде пышақ жарақаттары бар. Сондай-ақ күдікті ұсталғанын, оның да Қазақстаннан екенін айтты», – деді марқұмдардың туыстары.
Алайда күдіктінің ұсталғаны және оның Қазақстан азаматы екені туралы ақпаратты әзірге ресми органдар растаған жоқ. Сондай-ақ қазақстандықтардың қаза болу себебі мен оқиғаның нақты мән-жайы бойынша тергеу аяқталған жоқ.
Туыстарының сөзінше, отбасы жақындарының денесін Қазақстанға жеткізу мәселесін шешуге тырысып жатыр. Олар Қазақстанның консулдығына және тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген. Сонымен қатар e-Otinish арқылы ресми өтініш те жолданған.
«Біз ешкімнен заңды бұзуды сұрамаймыз. Жағдайды бақылауға алып, барлық қажетті рәсімдердің мүмкіндігінше тез жүргізілуіне ықпал етіп, жақындарымыздың денелерін Қазақстанға қайтаруға көмектесулеріңізді сұраймыз», – деп жазды Гүлжихан Амантаева.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан СІМ ресми түсініктеме берді. Ведомство марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде, оның ішінде тиісті құжаттарды рәсімдеуге және Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайларына қатысты Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуде», – деп хабарлады СІМ.
Министрліктің мәліметінше, оқиға Шарджа қаласында болған. Қазіргі уақытта БАӘ-нің құзыретті органдары қазақстандықтардың қаза болу мән-жайларын анықтап жатыр.
СІМ тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның мән-жайы туралы қосымша ақпарат әзірге жарияланбайтынын атап өтті.
Ведомство қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста екенін және өз құзыреті шеңберінде қажетті көмекті көрсетіп отырғанын жеткізді.
Марқұмдардың туыстарының негізгі өтініші – БАӘ-дегі қажетті рәсімдерді жеделдетуге ықпал етіп, екі азаматтың денесін Қазақстанға жеткізуге көмектесу.