Шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеу қалай жүріп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 24 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырсында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық Экономикалық Одақтан әкелінген көліктерге қатысты нақты тапсырмалар берді. Осыдан кейін бұл мәселеге "нүкте" қойылғандай болды.

Үкімет ондай азаматтарды бір-ақ рет берілетін уақытша тіркеумен қамтамасыз етуі керек. Бұл шара 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Еуразиялық Одақтан әкелген көліктерге қатысты. Уақытша тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады, - деді президент.

Енді осы уақыт аралығында шетелдік нөмірі бар көлік иелері не істеуі керек? 2021 жылдың 1 наурызынан кейін не болады? Шетелдік көлікті Қазақстанда тіркеу үшін қанша ақша кетеді? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, талдап көрейік.

Жалпы шетелдік нөмірі бар көлік иелері не істеуі керек?

Біріншіден, әкелген көлігін тұрақты тіркеуге қою қажет. Заң бойынша олар көлікті сатып алып, оны Қазақстанға әкелгеннен кейін 10 күн ішінде тіркеуі керек еді. Алайда көбі олай істемеді. Енді Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік жүр.

Ал жыл басында Ішкі істер министрлігі осындай автокөлік иелеріне тұрақты тіркеу мен кеден бажы сияқты төлемдерді еске салды. Дәл осыдан кейін көптеген жүргізушілер наразылық таныта бастады. Олардың пікірі бойынша кеден салығы тым қымбат.

Осы оқиғалардан кейін іске ел президентінің өзі араласып, уақытша тіркеу бойынша нақты тапсырма берді. Енді шетелдік нөмірі бар көлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін не істеуі керек:

- уақытша тіркеуге тұру;

- кеден бажы мен утилизациялық алымды төлеу;

- тұрақты тіркеуге тұру.

Осыны істемейтін болса, көлікті Қазақстан территориясынан шығарып тастауы қажет. Енді әр тармақ бойынша тоқталайық.

Уақытша тіркеуге тұру

Уақытша тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, келесі құжаттарды ұсынасыз:

- жеке куәлік;

- ескі мемлекеттік немесе транзиттік нөмір;

- меншікті растайтын құжаттар;

- бастапқы тіркеу, жаңа мемлекеттік нөмір жасап бергені және машинаның техникалық төлқұжатын әзірлегені үшін жасалған төлемдерді растайтын түбіртектер.

Осыдан кейін көлік Қазақстанда уақытша тіркеліп, оған арнайы "18-аймақ" деп белгіленген сары түсті нөмір беріледі. 


Енді көлік иесіне кеден бажы мен утилизация алымын төлеу ғана қалады. Оларды 2021 жылдың 1 наурызына төлеуге болады. Осы уақыт аралығында ол ел аумағында емін-еркін жүре алады, алайда машинаны иеліктен шығаруға, біреуге беруге және ешкімге сатуға болмайды.


Егер осы сары нөмірлі көлік иесі келесі жылдың наурызына дейін кеден бажы мен утилизация алымын төлеп, тұрақты тіркеуге отырмаса, онда машинаны Қазақстаннан шығарып тастауына тура келеді.

Уақытша тіркеуге тұру қанша тұрады?

Бастапқы тіркеу сомасы тек Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар автомобильдің шыққан жылына да байланысты. Оны Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының кассасында төлеуге болады. 


Бірден айта кетейік, жаңа көліктердің алғашқы тіркеуі арзан, ал ескілердікі қымбатқа тиеді. Мысал үшін есептеп көрейік (биыл 1 АЕК 2 651 теңгеге тең):

- екі жылға дейінгі көлік үшін (2018-2019 жылдары шығарылған) – 0,25 АЕК, яғни 662 теңге;

- екі-үш жылға дейінгі көлік үшін (2017-2018 жылдары шығарылған) – 50 АЕК, яғни 132 550 теңге;

- үш жылдан асқан көлік үшін (2016 жылдан ескі) – 500 АЕК, яғни 1 325 500 теңге төлейтін боласыз.

Техникалық төлқұжатты (техпаспорт) істету үшін 3 313 теңге (1,25 АЕК) және мемлекеттік нөмірдің тағы екі данасы үшін 7 422 теңге (2,8 АЕК) төлеуді де ұмытпаған жөн.

Утилизация алымы

Утилизация алымы – бұл автокөліктің техникалық сипаттамаларын ескере отырып, қоршаған ортаға және адам денсаулығына тигізген әсеріне үшін жасалатын төлем түрі. Оны "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері" (ӨКМ) ЖШС сайтындағы калькулятор арқылы есептеп алуға болады. Жалпы формула былай: 50 АЕК-ті көлік қозғалтқышы көлемінің коэффицентіне көбейтесіз. Яғни:

- қозғалтқыш көлемі 1 000 см3 дейінгі көлік – 50 АЕК (132 550) х 3 (коэффициент) = 397 650 теңге;

- қозғалтқыш көлемі 2 000 см3 дейінгі көлік – 50 АЕК (132 550) х 7 (коэффициент) = 927 850 теңге;

- қозғалтқыш көлемі 3 000 см3 дейінгі көлік – 50 АЕК (132 550) х 10 (коэффициент) = 1 325 500 теңге;

- қозғалтқыш көлемі 3 001 см3 жоғары көлік – 50 АЕК (132 550) х 23 (коэффициент) = 3 048 650 теңге төлеуі тиіс.

Кеден бажының мөлшері қандай

Кеден баж салығының мөлшері көлік құнының 17%-на тең. Оның құнын автокөлік иелері декларацияда өздері көрсетеді. Бұл мәліметті растау үшін чекті және сатып алу-сату шартын ұсыну қажет. Егер чек болмаса, декларацияда көрсетілген баға нарықтағыдан төмен болса, кеденшілер бағалауды өздері жүргізеді.

Бір ескеретін жайт, Армения мен Қырғызстаннан сатып алынған көлік үшін барлық 17% төлемейсіз. Себебі ол автокөлік ЕЭО-ға мүше елдерге (Армения, Қырғызстан) әкелінген кезде 10%-дық кеден бажы төлініп қойған. Сондықтан көлік иелеріне екі баж арасындағы айырмашылықты ғана төлесе болады. Осыған қоса 20 мың теңге көлемінде төленетін кеден алымы мен 12%-дық қосымша құн салығын (ҚҚС) да ұмытпаған жөн, - дейді "Астана кедендік рәсімдеу орталығының" жетекші маманы Талғат Тайлақбаев.

Көлік иесінде басқа қандай амал бар?

Егер де жоғарыда айтылғандар істелмесе, онда көлік иесінде екі жол болады. Біріншісі, көлікті бөлшектеп сату, екіншісі, оны алған елінде сатып жіберу.

Машинаны бөлшектеп сату тиімсіз, себебі ол оған кеткен шығынды ақтай алмайды. Көлікті әкелінген еліне қайта апарып сату да көп шығынды талап етеді. Себебі сол Арменияның өзінде биылдан бастап біздің елдегі көліктерге қойылған талаптар күшіне енді. Яғни "Еуро-4" стандартына сәйкес емес, техникалық құралдармен жабдықталмаған көліктердің бағасы төмен болады.

Ондай көлікті елімізде утилизацияға да жібере алмайсыз, өйткені ол жерде тек Қазақстанда тұрақты тіркеуі бар автокөліктер қабылданады.

Қорытынды

Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін елорданың Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып қайтқан едік. 



Орталықта шетелдік нөмірі бар көліктер бойынша ақпарат беріп, халыққа көмек көрсетіп отырған Полиция департаментінің арнайы орны бар екен. 



Халыққа қызмет көрсетіп жатқанымызға бір аптадай уақыт болды. Адамдар көбіне ақпарат алып, төлемдер бойынша сұрау үшін келеді. Біз оларға уақытша тіркеу туралы барынша айтып түсіндіріп жатырмыз. Көбінің көлігі жаңа емес, сондықтан олар 1 325 500 теңге төлеуі тиіс. Осыған орай көп көлік иесі машинасын тіркеуге асықпайды. Күніне шамамен 15-20 адам келіп кетеді. Осы уақытқа дейін тек төрт адам ғана өз көлігін уақытша тіркеуге қойып, "18 аймақ" сары нөмірін алып кетті, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД ӘПБ ПЦ мемлекеттік автоинспекторы, полиция майоры Бейбіт Аскарұлы.
Сондай-ақ, аймақ бойынша Қарағандының 47 жастағы тұрғыны шетелден әкелген көлігін тіркеп, "18" санды нөмірін алған еді.


Мұндай жағдай Қазақстанның барлық қалаларында байқалады. Адамдар келеді, ақпаратпен танысып, төлемдер туралы естиді, алайда кейін уақытша тіркеуге отырмай кетеді. Жүргізушілердің ойынша, олар төлеуі тиіс алымдар бағасы тым жоғары.


Армениядан көлік әкелетін адамдар ол жаққа арзанын сатып алайын деп бармайды. Шынында оларда осы жерден машина алуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар осы жақтан несие алып, сонда барып келеді. Ал жол тіпті оңай емес, жүргізушілер өз өмірін қатерге қойып, көлік әкеледі десе де болады. Мысалы мен көлігімді 2 млн 800 мыңға алдым. Енді оны тіркеуге қойып, барлық салығын төлегеннен кейін оған кеткен шығын 4 млн 200 мың болады. Не үшін? Менде ондай ақша болса, машинаны осы жақтан да ала салмаймын ба? Жалпы біздің азаматтардың еліміздегі көліктерді сатып алуға қалтасы көтермейді. Шетелден көлік әкелудің басты себебі де осы, - дейді елордалық жүргізуші Дастан Мамырхан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы