Билікке білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын – Тоқаев

Еліміздің жастары әрдайым айрықша назарда. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр, - деді Тоқаев.

Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет деп санайды Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы! – дейді Мемлекет басшысы.

Сөзінше, бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті. Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. 

Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды. Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берді, - деп айтты Мемлекет басшысы Парламенттің бірінші сессиясында.

Бұған дейін Президент Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келетінін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы