Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды
Мемлекет басшысының атынан Бибісара Асаубаеваға мемлекеттік награда табысталды.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан шахматшы Бибісара Асаубаеваға мемлекеттік награда табыстады.
Гроссмейстер II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Аида Балаева Бибісара Асаубаеваның отандық шахмат спортының дамуына, зияткерлік ойындарды жастар арасында кеңінен насихаттауға және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Бибісара Асаубаева – әлемдік додаларында ел намысын абыроймен қорғап жүрген көрнекті шахматшы. Ол блицтен үш мәрте әлем чемпионы атанып, осы бәсекеде жеңіске жеткен ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ жуырда Норвегияда өткен беделді Norway Chess супертурнирінде топ жарып, тағы бір жарқын жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетейік, «Барыс» ордені мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық, әлеуметтік-мәдени қызметке сіңірген ерекше еңбегі, сондай-ақ халықтар арасындағы ынтымақтастықты және мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өзінің Telegram-арнасында ІІ дәрежелі «Барыс» ордені көрсетілген видео жариялады.
Мен көптен күткен ІІ дәрежелі „Барыс“ орденін алдым. Менде бұған дейін ІІІ дәрежелі орден болған, енді І дәрежелісі қалды. Содан кейін осы орденнің толық кавалері атанамын. Қараңыздаршы, қандай әдемі. Міне „Барыс“, түсі де өте ерекше, әдемі екен, - деді шахматшы.
Бұған дейін Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстыра ма деген сауалға министрлік мәлімдеме жасады.
Тағы оқи отырыңыз:
Бибісара Асаубаева Norway Chess-2026 турнирінің чемпионы атанды
Телефонсыз өскен чемпион: Бибісара Асаубаеваның анасы қызын қалай тәрбиелегенін айтты