14 Тамыз 2026, 11:52 Фото: gov.kz

Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы беделді шахмат турнирінде үздік бестікке енді

Қазақстандық шахматшы алғашқы жеңісіне жетіп, көшбасшылар қатарына қосылды. Енді Асаубаеваны тағы бір маңызды кездесу күтіп тұр.

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан беделді Cairns Cup 2026 турнирінде алғашқы жеңісіне жетіп, жарыстың көшбасшы тобына көтерілді.

Төртінші турда ақ фигуралармен ойнаған блицтен екі дүркін әлем чемпионы Швейцарияның бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюкті сенімді түрде жеңді. Кездесу қарсыласының берілуімен 23-ші жүрісте аяқталды.

Бұған дейін Асаубаева украиналық Анна Музичукпен, Үндістан өкілі Рамешбабу Вайшалимен және америкалық Элис Лимен үш рет тең түскен болатын.

Төрт турдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы 2,5 ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орында тұр. Ал жарыста бұрынғы әлем чемпионы, қытайлық Тань Чжунъи 3,5 ұпаймен көш бастап келеді.

Бесінші турда Бибісара Асаубаева қара фигуралармен Үндістанның гроссмейстері Дивья Дешмухке қарсы ойнайды.

Cairns Cup 2026 турнирі әлемнің ең мықты он шахматшысы арасында айналмалы жүйе бойынша өтіп жатыр. Жарыс 19 тамызда аяқталады.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды. Ал жарыс жеңімпазына 60 мың доллар табысталады.

Еске салайық, 2026 жылғы 29 маусымда Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған болатын.

Ал оған дейін шахматшы жалақысының қысқарғанын айтып, Тоқаевтан көмек сұраған еді.

Тағы оқи отырыңыз: Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте үздік бестікке енді