Бетінде тыртық қалып, жүйкесі зақымданған: Ақтаулық әйел сәтсіз пластика үшін хирургті сотқа берді
Сот пластикалық операцияның салдары үшін компенсация талап еткен пациенттің шағымын ішінара қанағаттандырды.
Ақтаулық әйел сәтсіз пластика үшін хирургті сотқа берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтауда сот пластикалық операцияның салдарына тап болған пациентке моральдық зиянды өтеу ретінде хирург-дәрігерден 3 млн теңге өндіріп алды. Денсаулыққа зиян келу және моральдық зардап шегу фактісі сот-медициналық сараптамалармен расталды.
Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2022 жылдың маусымында дәрігер әйелге бет пішінін түзету операциясын жасаған. Отадан кейін бет пен құлақ аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндердің жағдайы нашарлап, пациенттің сырт келбеті өзгерген.
Бастапқы емдеу күтілген нәтижені бермегендіктен, әйел басқа мамандарға жүгінген. 2025 жылы Алматыда оған қайтадан түзету операциясы жасалды. Осыдан кейін бет нерві тармағының зақымдануы мен жұмсақ тіндердің деформациясы орын алған. Пациент ұзақ уақыт бойы дене азабын шеккен.
Әйел хирургтен 20 млн теңге материалдық шығын мен 10 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндіруді талап етіп сотқа шағымданды.
Іс материалдарын зерделей келе, сот материалдық шығынды өндіруден бас тартты. Өйткені пациент кейінгі емделуге жұмсалған барлық шығындардың құжаттамалық дәлелдерін ұсынбаған.
Дегенмен, сот сараптамалары медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуі салдарынан денсаулыққа зиян келтірілгенін және моральдық зардап шеккенін растады. Нәтижесінде талап-арыз ішінара қанағаттандырылды: дәрігерден пациенттің пайдасына моральдық зиян өтемақысы ретінде 3 млн теңге өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін пластикалық отадан кейін қазақстандықтың бір көзі көрмей қалғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Алматылық әйел көзінің түсін өзгертемін деп жанарынан айырылып қала жаздады
Алматыда 5 жасар баланың жұлынып қалған саусағы қалпына келтірілді
Қазақстандық дәрігерлер Бішкекте әлі дүниеге келмеген екі балаға операция жасады