Бес көлікті соғып, қашып кеткен Астана тұрғыны 30 тәулікке қамалды
Көліктерді соққан ер адамның жүргізуші куәлігі де болмаған.
Астанада бес көлікті соғып, қашып кеткен ер адам 30 тәулікке қамауға алынды.
Белгілі болғандай, 4 шілдеде сағат 02:50 шамасында Астана қаласында Тілендиев көшесі, №36 үйдің қарсысында жүргізуші куәлігі жоқ ер адам «ГАЗель» маркалы автокөлігімен жол жиегінде тұрған бес автокөлікті соққан.
Жол-көлік оқиғасынан кейін ер адам оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері құқық бұзушыны қысқа мерзім ішінде анықтап, ұстады. Сот шешімімен құқық бұзушыға қатысты 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың көлік басқаруы, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу заңнаманың өрескел бұзушылығы болып табылатынын және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің Астанадағы үш жол-көлік оқиғасынан кейін қамауға алынғаны хабарланды.