Берденов ісі: Шымкентте судья сот отырысы кезінде журналиске тілін шығарды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша өткен сот отырысында ерекше жағдай орын алды. Төрағалық етуші судья Әбинұр Қарабаев тыңдалым барысында журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарып көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы сәттің видеосын Омарова 18 тамыз күні Instagram парақшасында жариялады.
Журналистік тәжірибемде түрлі жайт болды, бірақ судьяның тілін шығарғанын алғаш көруім, - деп жазды ол.
Журналистің айтуынша, ол судьяның әрекетіне таңырқап, мұның себебін бірнеше нұсқамен түсіндірді: Қарабаевтың "ішкі тиктокерлік мінезі" немесе өзіндік ерекше амандасуы болуы мүмкін деген ой айтқан.
Мен Тибетте емес, Шымкенттемін, сондықтан судьяның бұл қылығын түсінбей дал болып отырмын, - деп ирониямен атап өтті Омарова.
Кадрларда Қарабаев тілін шығарып болған соң, ештеңе болмағандай процесті әрі қарай жалғастырып жатқаны көрінеді. Ал журналистің жазбасына пікір қалдырғандар екіге бөлінді: бір бөлігі ашуланса, енді бірі бұл жайтқа әзілмен қараған.
Айта кетейік, Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл ісі бойынша резонансты сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор айыпталушы Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Берденов алғаш рет сотта өзі сөз сөйлеп, 21 сәуір кешінде әкімдік ғимаратының жанында болған шабуылдың барлық мән-жайын баяндады.
Қала шенеунігіне бірнеше рет аңшы мылтығынан оқ атылған. Дәрігерлердің айтуынша, Руслан Берденовтің кеуде қуысының оң жағында оқ тиген жарақаты бар. Оқ жарақаты салдарынан оң жақ өкпенің төменгі бөлігі, қабырғааралық артериялары, көкетті зақымданып, оң жақта гемопневмоторакс анықталған.
Бұған дейін Берденов айыпталушы Жиембайға қатаң мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, қастандықтан кейін өзі мен қорғаушылары қысым мен бопсалауға ұшыраған.
Денсаулық жағдайының күрделілігіне байланысты шенеунік осыған дейін сотқа жеке өзі қатыса алмаған. Оның денесінде әлі күнге дейін 60-тан астам бытыра қалып қойған.