Бектенов жыл соңына дейін барлық мектептің камерасын ІІМ орталықтарына қосуды тапсырды
Үкімет басшысы тиісті тапсырманы әкімдіктерге Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп орындауды жүктеді.
Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов мектептер маңындағы жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жоюды, сондай-ақ білім беру нысандарының өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы тиісті тапсырманы әкімдіктерге Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп орындауды жүктеді.
Балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуы тиіс. Өңір әкімдіктеріне ІІМ, ТЖМ және Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, қысқа мерзімде мектептер маңындағы жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктерді жоюды, сондай-ақ білім беру нысандарының өрт және терроризмге қарсы қорғалуын күшейтуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
ІІМ-ге «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шарасы аясында бұған дейін берілген нұсқамалардың орындалуын тексеру тапсырылды. Іс-шаралар жоспары қыркүйек айының соңына дейін ұзартылып, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар Бектенов жыл соңына дейін барлық мектептегі бейнебақылау камераларын ІІМ-нің жедел басқару орталықтарына қосуды талап етті.
Қазіргі уақытта бұл жұмысты тек жеті өңір толық аяқтаған. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ жұмыс әлі аяқталмаған басқа да өңірлердің әкімдіктеріне тиісті тапсырма берілді.
Еске салсақ, бұған дейін Олжас Бектенов бірқатар өңірдегі мектептерді жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, әкімдерге жаңа оқу жылына дейін жұмысты аяқтауды жеке бақылауға алуды тапсырды.