Бектенов Түркия инвесторларын Қазақстанға шақырды
Үкімет басшысы 53 келісімге қол қойылғанын айтты.
Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, ірі жобаларға ұзақмерзімді кепілдіктер ұсынылуда. Бұл туралы Қазақстан-Түркия инвестициялық дөңгелек үстел отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инвесторларға арналған салықтық және кедендік жеңілдіктер, заттай түрдегі гранттар және тағы сол сияқты преференциялардың алуан түрі көзделген. Мысалы, басым салаларда құны 60 млн доллардан асатын инвестициялық жобалар үшін қазақстандық заңнаманың 25 жылдық тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі бар, – дейді ол.
Үкімет басшысы 53 келісімге қол қойылғанын айтады. Сонымен қатар елімізде бизнес жүргізу шарттарын жеңілдету мақсатында цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде.
Атап айтқанда, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және прокурорлық сүзгі сияқты құралдар инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергілерді жоюда. Жалпы алғанда, осы аталған қолдау шаралары түрік әріптестеріміз үшін Қазақстанда жаңа жобаларды табысты іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз, – дейді Бектенов.
Премьер-министр Қазақстан тарапы инвесторларға қажетті ресурстарға кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге, консультациялық және инфрақұрылымдық, сорндай-ақ өнімдерді одан ары экспорттауға қолдау көрсетуге дайын екенін баса айтты.
Осы мүмкіндіктерді пайдала отырып, бауырлас қазақ еліне жаңа жобаларға инвестиция салуды жалғастыруға шақырамын. Өз кезегімде Премьер-министр ретінде сіздердің тараптарыңыздан болатын өзара тиімді ұсыныстарды қолдайтындығымызға және Үкімет тарапынан қажетті шешімдерді қабылдайтындығымызға кепілдік беремін, – дейді Олжас Абайұлы.
Еске салайық, бұған дейін Бектенов Қазақстан мен Түркия экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп жатқанын хабарлады.