Бектенов: Шешім қабылдауда батыл болыңыздар

Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне шетелдік инвесторлармен өзара байланысты нығайтып, жұмыс тәсілдерін өзгерту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маңызды міндеттің бірі – отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту. Біз жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдап, жаңа өндірістер ашу үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Өзіміздің отандық фармөндірісі дәрілік заттардың импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан қазақстандық зауыттардың өндірістік қуатын ескере отырып, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту керек. Бұл салаға ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдарды да тарту қажет. Осы жерде тоқтала кететін мәселе, маған отандық және шетелдік инвесторлар салалық министрлікпен өзара байланыс жасау қиын екенін айтады. Олар біздегі жаңа жобаларды қолдау және қазақстандық дәрілерді жеткізу үшін ұзақ мерзімді шарт жасау мәселесін көтеріп отыр, - деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне отандық өндірушілермен және шетелдік инвесторлармен өзара байланыстарды жандандыру керегін айтып, тапсырма берді.

Шешім қабылдауда батылырақ болыңыздар. Жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасалуға тиіс. Сондай-ақ, өзіміздің зерттеулерімізді дамыту қажет. Оның ішінде жоғары технологиялық өндірістер мен технологияларды шетелден трансферттеу мәселесіне де тиісті көңіл бөлген жөн. Бұл жұмысқа Ғылым және жоғары білім министрлігі атсалысуға тиіс, - деді Олжас Абайұлы.

Еске сала кетейік, осыған дейін дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін бе деген сауалға министрлік өкілдері жауап берген еді. Елімізде 7 мыңға жуық дәрі-дәрмектің түрі бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы