Бүгiн 2026, 18:20 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Бектенов: Путиннің Қазақстанға сапары екіжақты байланысты күшейтеді

Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды талқылады.

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов екі ел арасындағы байланыстар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің күш-жігерінің арқасында табысты әрі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берген.

Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің күш-жігерінің арқасында одақтастық және стратегиялық серіктестік қатынастарымыз өте табысты, серпінді дамып келеді. Қазақстан Президентінің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапары ынтымақтастыққа жаңа серпін берді, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына да ерекше мән беріліп отырғанын айтты.

Біз Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына ерекше назар аударып отырмыз. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Бұл сапар мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтып, кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз, – деді ол.

Үкімет басшысы Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға дайын екенін де жеткізді.

Біз ынтымақтастығымыздың жаңа бағыттарын қарастыруға дайынбыз. Бұған толық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін, – деді Бектенов.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметі екіжақты қарым-қатынасты жандандыру, тереңдету және кеңейту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жаздық.