Бекшин: Алматы мектептері қайтадан қашықтан білім беруге көшеді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында балалар алдағы тоқсанда қашықтан білім алатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқушылар мен мектепке дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру жағдайы күрт өскен.
Биыл мектепке дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру екі есе көбейді, оған қоса оқушылардың да вирус жұқтыруы жоғары. Мутациядан өткен штамдар кішкентай балаларға да әсерін тигізуде. Былтыр 281 оқушы ауырған. Ал биылғы үш айда 1 468 бала вирус жұқтырған. Сол себепті осы жолы қатаң шектеу шараларын енгіздік, - деді Бекшин.
Сондай-ақ ол қаладағы барлық мектеп қашықтан білім беруге көшетінін, тек кезекші топтар ғана дәстүрлі режимде білім алатынын айтты.
Кезекші топтағы оқушылар саны 15 баладан аспайды. Бұл 1-5 сыныптар және халықаралық деңгейде оқитын мектептерде 1-7 сыныптар. Оған қоса мектепті бітіретін 9 бен 11-сыныптарда да кезекті топ ашылады, - деді ол.
Бұл шектеулер тек мемлекеттік мектептерге ғана емес, жекеменшік мектептерге де бағытталған. Мұның барлығы эпидемиялық жағдайды тоқтату үшін іске асырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Бекшин коронавирустың жаңа штамының таралуы екі есе жоғары екенін мәлімдеген болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Көктемгі егін жұмыстарына несие қалай беріліп жатыр?
Өзгелердің жаңалығы