Бекет атаға бара жатқан жолда жоғалған үш адам аман-есен табылды
Олардың көлігі батпаққа батып қалып, байланысқа шығу мүмкін болмаған.
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында Бекет ата жерасты мешітіне бара жатқан жолда жоғалып кеткен үш адам аман-есен табылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Lada.kz басылымының мәліметінше, тұрғындар отырған көлік Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым жерде анықталған. Автокөлік батпақты жерге батып қалғандықтан, жолаушылар жолын жалғастыра алмай, туыстарымен де, төтенше жағдай қызметтерімен де байланыса алмаған.
Көлікті алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұржігіт Базарбаев пен әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Бауыржан Нұрмұханбетов тапқан.
Қазіргі уақытта табылған азаматтар Ақжігіт ауылына жеткізіліп жатыр. Онда олардың денсаулық жағдайын анықтау үшін медициналық тексеру жүргізіледі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іздестіру жұмыстары полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері және басқа да қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында сәтті аяқталған.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда Бекет атаға барған үш адам із-түзсіз жоғалып кеткені туралы жаздық.