Байқаушылар сайлаудың ашық өтуіне қолдау көрсетеді – штаб басшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Осы ретте Кәсіподақтар федерациясы өкілдері әділ сайлау өткізудің маңыздылығы туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Еліміздің ең ірі қоғамдық бірлестігі Кәсіподақтар федерациясы келесі жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауға байқаушы ретінде қатысу туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бұл шешімді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында талқылап, қалалық байқаушылар штабын құру туралы шешім қабылданды.

Бүгінгі таңда кәсіподақтардың қалалық штабына сайлау науқанына байқаушы ретінде қатысуға 200-ден астам белсенді ниет білдірді. Арасында сайлау процестеріне қатысуда тәжірибесі мол елордалық кәсіподақтардың мүшелері де бар. Байқаушылар Мәжіліс және мәслихат сайлауының ашық әрі әділ өтуіне бар қолдауын көрсетеді деген сенім күннен күнге артуда, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы штабының басшысы Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, еліміздегі саясаттанушылар мен сайлау науқанын өткізуде тәжірибесі мол сарапшыларды тарту арқылы байқаушыларды сайлау заңнамасының нормалары мен ережелеріне, байқаушының мінез-құлқына байланысты оқыту мектебін бастайды. 

Кәсіподақтардың байқаушы ретінде сайлау науқанына қатысуының негізгі мақсаты – дауыс беруді өткізу, дауыстарды санау және сайлау нәтижелерін анықтау кезінде заңдылықты сақтау, сондай-ақ сайлау процесін бағалау, сайлауды әділ және адал өткізуге қауіп төндіретін мән-жайларды, проблемалар мен бұзушылықтарды анықтау. Бірлік, әділеттілік, даму – бұл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басты қағидаттары, - деп пікір білдірді штаб басшысы.

Сонымен қатар, қалалық штабтың үйлестірушісі Қайрат Сұлтаналин тәуелсіз байқаушыларды жинап жатқандарын айтты. Оған 30-дан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері бірге жұмыс жасауға ниет білдірген. 

Штаб жанында байқаушылар мектебі жұмыс істейді. Оқыту мен тренингтер тыңдаушылардың белгілі санымен және барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, онлайн немесе офлайн-форматта өтеді. Тәжірибелі спикерлер кәсіподақтардың байқаушыларын ҚР сайлау туралы Заңымен және тәуелсіз байқаушының мінез-құлық кодексімен таныстырады, сайлауда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді, олардың құқықтары мен міндеттері туралы айтып береді, - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, байқаушыларға құқықтық мәселелер бойынша жедел желі жұмыс жасайтын болады. Олармен пандемия кезіндегі сақтық шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Біз сайлау науқанын өткізудің күрделілігін түсінеміз, сондықтан сайлау заңнамасының ерекшеліктерін білетін, байқаушы ретінде өз құқықтары мен міндеттерін нақты түсінетін тәжірибелі, жауапты адамдарға сенім артамыз. Басты мақсат - сайлау өтетін күні сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығына мониторинг жүргізу, - деп атап өтті Қайрат Сұлтаналин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы