Байден коронавирусқа қарсы тестілеуден жиі өтеді – шетелдік БАҚ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамптың COVID-19 жұқтырғаны туралы хабарламадан кейін АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден мен әйелі де ПТР-тестілеуден өтті.
АҚШ президенттігіне үміткер демократ Джо Байденнің сайлауалды штабы оның үнемі COVID-19 індетіне тексерілетінін және осы сынақтардың нәтижелері жарияланатынын айтты. Бұл туралы The Washington Post газеті хабарлады.
CNN телеарнасының мәлімдеуінше, демократиялық партияның өкілі аптасына бір рет коронавирустық инфекцияның бар-жоғын тексереді.
Сондай-ақ, штаб президенттік науқан аясында ұстанатын эпидемияға қарсы шараларды атап өтті.
Біздің барлық іс-шарамызда денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар мен дәрігерлердің ұсыныстарына сәйкес қабылданған қатаң және ауқымды сақтық шаралары сақталады. Олардың қатарына әлеуметтік қашықтық, міндетті маска тағу режимі және басқа да қорғаныс шаралары кіреді, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамптың COVID-19 жұқтырғаны туралы хабарламадан кейін Байден мен әйелі де ПТР-тестілеуден өтті. Екеуінің те тест нәтижес теріс болды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Трамп пен оның жұбайы Меланияның коронавирустан тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген болатын.