Баян-Өлгей аймағында 50-ге тарта мектеп оқу ісін қазақ тілінде жүргізеді

Бұл туралы Отандастар форумына келген Моңғолияның Ұлттық ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпар айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол форумға алғаш рет қатысып отырғанын айтып, Моңғолиядағы қандастарымыздың сәлемін жолдады. 

«Отандастар форумына» алғаш рет келіп отырмын. Ерекше маңызды деп санаймын. Өйткені дүние жүзіне түрлі тағдырмен шашылған қазақ қандастардың өзінің болмысын, ұлттық тілін, дәстүрін, салт-санасын сақтауға «Отандастар қоры» үлкен қызмет атқарып отыр, - деді ол. 

Бұрын Моңғолия Парламентіне екі рет сайланған депутат Бәкей Ағыпар Моңғолияда тұратын қазақтардың тілек-өтініштерін де айтты.

Қазақ қандастар бір-бірімен араласып тұруы үшін бүгінде басты мәселе – логистика, транспорт мәселесі. Бұрын Қазақстанның Өскемен қаласынан Моңғолияның қазақтар шоғырланып тұратын Баян-Өлгей аймағы Өлгей қаласы арасында Skat деген әуе компаниясының ұшағы ұшып тұратын. Қазір тоқтап қалған. Оны қайтадан қалпына келтіріп, тікелей ұшатын мүмкіндік жасалса, жақсы болар еді, - деді ғалым. 

Сонымен қатар, көші-қон мәселесіне байланысты Қазақстан елшілігінің консулдығын Өлгей қаласында ашса деген ұсынысын жеткізді. 

Моңғолия үкіметі қазақ қандастарға көп жыл бойы өзінің тілін сақтауға үлкен қамқорлық жасап келді. Баян-Өлгей аймағында 50-ге тарта мектеп оқу ісін қазақ тілінде жүргізеді. Осы мектептерде оқитын қазақ жасөспірімдердің рухани қажеттілігіне арнап оларды қазақ тіліндегі әсіресе әдеби кітаптармен қамдаса ерекше жақсы болар еді, - деді ол.

Еске сала кетсек, шетелдегі қазақтар Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Отандастар Форумына» жиналған еді. Сонымен қатар шетелден келген 200 қандасқа ұлттық ойындар көрсетілген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы