Батыс Қазақстан облысының әкімі киік етіне байланысты дауға жауап берді
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдерінің «Киік еті өзге облыстарға жөнелтілгенде бұзылып, жарамсыз болып жатыр ма? Бұл қаншалықты рас? Ет комбинаты жеткіліксіз бе?» деген сауалына облыс әкімі жауап берді.
Киіктің еті басқа өңірлерге тасымалданған сәтте еттің бұзылу дерегі анықталған жоқ. Алдағы уақытта сайғақтардың етін өткізетін ет комбинаттарын салу жоспарымызда бар. Күні кеше бізге бірнеше инвесторлар келді. Киіктердің санын реттеуге, ет комбинатын салуға қызығушылық танытып жатыр. Егер біз олармен жақсы келісімге келіп, ет комбинаттарын саламыз десе, біз оларға жер береміз. Ет комбинаты жетіспегендіктен, көрші облыстарға жүгіндік, ол жасырын емес, – деді облыс әкімі.
Журналистердің «Өңірдегі шаруалар киіктен 8 млрд теңгеге шығынға батқанын атап өтті. Дегенмен әлі күнге дейін өтемақыны ала алмай отыр екен. Облыстағы шаруаларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?» деген сауалына да облыс әкімі жауап қатты.
Облыста оңтүстік аудандарда жауын-шашынның аздығы мен киіктердің әсерінен мал азығы да мәселе болды. Шөп мүлде жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Облысымызда ондай жағдай болып көрген жоқ. Атырау, Ақтаумен салыстырғанда, шөп мәселесі анағұрлым жақсы. Субсидияға келер болсақ, шаруа қожалықтарының есебімен шығарып, біз шығынды министрлікке бердік. Бүгінде қолдау білдірген жоқ, себебі қаражат жетіспеушілігі бар, екіншіден, жергілікті жерде неге субсидия төленбейді деген мәселеге қатысты. Біз субсидияның бірнеше түрін төлеп отырмыз. Шаруа қожалықтарының барлығын субсидиямен қамтамасыз ету мүмкін емес. Шыны керек, біздің бюджеттің деңгейі көтермейді. Бізде қазір облыс бюджеті 481 млрд теңге, соның 60%-ы әлеуметтік мәселелеге жұмсалады. Біз әр адамның жағдайын субсидиямен шеше алмаймыз. Өтемақы жөнінде ешнарсе айта аламаймын. Болашақта жағдай болса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Бұған дейін облыс әкімі киік еті 1200 теңгеден болса да, сұраныс аз екенін айтқан болатын.