15 Қыркүйек 2026, 12:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект

Бастапқы жарнасыз баспана: Биыл кімдер жалдамалы пәтер ала алады?

Қазақстанда кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы жалғасып жатыр. Қазір еліміздің 14 өңірінде 800-ге жуық пәтер іске асырылуда. Бағдарламаға кімдер қатыса алады және оның шарттары қандай? Бұл туралы «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жобасын жүзеге асырып келеді.

2015-2025 жылдар аралығында осы тетік арқылы 23 мыңнан астам пәтер берілген. Олардың жалпы құны 207 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда компанияның қолданыстағы жалдамалы тұрғын үй портфелінде жалпы құны 217 млрд теңгеден асатын 17 мыңнан астам пәтер бар.

Бағдарламаның негізгі артықшылықтары – бастапқы жарнаның болмауы, жылдық 3,1 пайыздық төмен сыйақы мөлшерлемесі, жалдау мерзімінің 20 жылға дейін созылуы және пәтерлердің таза әрлеумен берілуі. Бұл азаматтарға бастапқы жарна үшін алдын ала қаражат жинамай-ақ, бірден қоныстануға дайын тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Өтінімді қарау үшін комиссия алынбайды. Дегенмен бағдарламаға қатысудың міндетті шарты – үміткердің төлем қабілетін растауы, – деді Исламбек Қайырбеков.

Яғни бағдарламаның басты ерекшелігі – бастапқы жарна талап етілмейді. Алайда өтініш беруші ай сайынғы төлемдерді өтеуге мүмкіндігі бар екенін дәлелдеуі керек.

Сондай-ақ азаматтар жалдап отырған баспанасын мерзімінен бұрын сатып ала алады. Бұл жағдайда тұрғын үйдің қалған құны өтеледі. Міндеттемелер толық орындалғаннан кейін пәтер азаматтың меншігіне өтеді.

Биыл кімдер қатыса алады?

2026 жылғы тамыздан бастап кейін сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйді іске асыру тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар үшін әкімдіктермен бірлесіп, Baspana Market платформасы арқылы жүргізіледі.

Нысандар туралы ақпарат осы платформада орналастырылады. Азаматтар онда тұрғын үйлердің сипаттамасымен, қатысу шарттарымен және өтінім қабылдау мерзімдерімен таныса алады. Өтінімдерді қабылдау және үміткерлерді іріктеу де Baspana Market арқылы жүргізіледі, – деді ол.

Демек, бағдарлама ең алдымен тұрғын үйге мұқтаж ретінде ресми есепте тұрған азаматтарға арналған.

Өтінімдер Baspana Market арқылы қабылданады. Одан кейін үміткерлер іріктеліп, олардың тізімі тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күніне қарай жасалады.

 Іріктеу нәтижесінде үміткерлердің тізімі тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күніне қарай реттеліп, компанияға беріледі. Одан кейін компания үміткердің төлем қабілетін бағалайды, – деді Исламбек Қайырбеков.

Яғни кезекке ертерек тұрған азаматтардың басымдығы жоғары болғанымен, баспана алу үшін төлем қабілетін растау міндетті.

Қазір еліміздің 14 өңірінде 800-ге жуық пәтер іске асырылып жатыр.

Салынып жатқан үйді алуға да мүмкіндік бар

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін баспанамен қатар салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға арналған Orda Imar бағдарламасын да іске қосқан.

Бағдарлама бойынша ең жоғары несие сомасы – 75 млн теңге. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20 пайызын құрайды. Несие мерзімі – 240 айға дейін, ал сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 15,9%.

Осылайша, бастапқы жарна жинауға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тетігі баспана алудың балама жолдарының бірі болып отыр. Негізгі талап – тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұру және төлем қабілетін растау.

Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылы 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 29,6 мыңы мемлекеттік қолдау аясында беріледі.

Тағы оқи отырыңыз: Тұрғын үй бөлу тәртібі өзгерді: Енді отбасы құрамына қарай бөлме саны ескеріледі