Баспана, психолог, жұмыс: Зорлық-зомбылық құрбандарына қандай көмек көрсетіледі?
Оның сөзінше, орталыққа әйелдер өздері хабарласып қана қоймай, мемлекеттік органдардың, полиция қызметкерлерінің жолдамасымен де келеді. Сондай-ақ азаматтар көшеде қиын жағдайға тап болған әйелдерді байқап, орталыққа немесе 150, 111 сенім телефондарына хабарласуы мүмкін.
Әйелдің жағдайы қалай бағаланады?
Орталыққа хабарласқаннан кейін әлеуметтік қызметкерлер құқық қорғау органдарын шақырып, әйелдің жағдайын бағалау парағын толтырады. Бұл құжат арқылы оның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған-болмағаны және қандай көмек қажет екені анықталады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық түрлері бар. Егер әйел осы зорлық-зомбылық түрлерінің біріне тап болғаны анықталса, оны орталыққа қабылдап, әрі қарай кешенді көмек көрсетіледі.
Әр әйелге жеке жұмыс жоспары жасалады. Әлеуметтік қызметкерлер кейс-менеджмент жүргізеді. Кризистік жағдай болғандықтан, міндетті түрде психологтың көмегі қажет. Сонымен қатар заңгерлер, еңбек терапиясының мамандары және мәдени ұйымдастырушылар жұмыс істейді, – деді Гүлшара Сапарова.
Әйелдерге жұмыс табуға да көмектеседі
Орталықта әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетумен қатар, әлеуметтік мәселелерін шешуге де қолдау беріледі. Мәселен, олар жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және басқа да қажетті мәселелер бойынша кеңес ала алады.
Егер әйелдің жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, оны кәсіби оқыту курстарына жіберуге тырысады. Мұндай курстар отбасын қолдау орталықтары арқылы ұйымдастырылады.
Әйелдер шаштараз, маникюр және педикюр маманы сияқты кәсіптерді меңгере алады. Сонымен қатар қазіргі сұранысқа ие мобилограф, SMM маманы және видеограф бағыттары бойынша да оқыту курстары ұсынылады.
Балалардың білім алуына жағдай жасалады
Дағдарыс орталығына әйелдердің көбі кәмелетке толмаған балаларымен бірге келеді. Сондықтан олардың мектепке баруы да назардан тыс қалмайды.
Орталық жақын маңдағы қазақ және орыс тілінде білім беретін мектептермен келісім жасаған. Осы арқылы мектеп жасындағы балалардың оқуын жалғастыруына жағдай жасалған.
Ал мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшаға орналастыру мәселесі де қарастырылады. Орталық жақын маңдағы жеке балабақшамен келісімге келген. Әйел жұмысқа орналасып, экономикалық жағдайы жақсарған жағдайда балабақша қызметіне жеңілдік беріледі.
Орталықта қанша уақыт тұруға болады?
Гүлшара Сапарованың айтуынша, дағдарыс орталығында әйелдер келісімшарт бойынша алты айға дейін уақытша тұра алады. Алайда олардың әлеуметтік, құқықтық және психологиялық мәселелері ертерек шешіліп, жұмысқа орналасып, өз бетінше өмір сүруге дайын болса, алты ай күтудің қажеті жоқ.
Егер әйелдің құқықтық, психологиялық және әлеуметтік мәселелері толық шешіліп, әлеуметтенуі аяқталса, ол алты айға дейін күтпей-ақ өз алдына бөлек шығып, жұмысын жалғастырып, қоғамға өз үлесін қоса алады, – деді орталық директоры.
Оның айтуынша, дағдарыс орталығының негізгі мақсаты – әйелді уақытша паналату ғана емес, оның қауіпсіз өмір сүруіне, өз аяғына тұруына және қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу.
Белгілі болғандай, Алматыда жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты 4 885 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 43 адам сотталған.