Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігері парамен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментімен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы – облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің парақорлық фактісі анықталды. 

Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин хабарлады. 

«Ол қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін қарамағындағы аудандық бөлімшелердің басшыларынан 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі жүйелі негізде пара алуда күдікті деп танылды», - деп айтты Бердалин.

Сондай-ақ, ол санитарлық талаптарға сәйкес туралы оң шешім шығару үшін жеке балабақша өкілінен 150 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылды. Күдікті кінәсін толық мойындады және тергеу жалғасып жатыр.

Бұдан басқа, Алматы облысы Қарасай ауданының Әйтей ауылдық округі әкімі орынбасарының парақорлық фактісі анықталды. 

«Әкім орынбасары жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін азаматтан 350 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылып жатыр. Толық кінәсін мойындауына және жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу туралы өтініш беруіне байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ», - деді Агенттік өкілі.

Бұған дейін Сапасыз консервіленген етті сатуды ұйымдастырған комитет төрағасы 600 млн теңге залал келтіргені және Астана су арнасының бұрынғы басшысы парамен ұсталғаны туралы хабарлағанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы