Бас прокуратура жылдық жұмысын қорытындылады

Бас Прокурор Берік Асылов 2023 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғарғы қадағалау ведомствосының басшысы прокуратура органдары елдегі заңдылықты қамтамасыз ету, қылмыскерлікке қарсы іс-қимылды үйлестіру, азаптаулардың алдын алу, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, бизнес пен мемлекет мүдделерін қорғау жөнінде шаралар кешенін қабылдағанын атап өтті.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 401 мың азаматтың, оның ішінде 85 мың кәмелетке толмағандардың конституциялық құқықтары қорғалды.

Мемлекетке 39,6 млрд теңге өтелді, 69,7 млрд теңге сомасына мүлік қайтарылды. Соттарда 24,4 млрд теңгеге бюджет мүддесі қорғалды.

Прокурорлық тексеру материалдары бойынша сотқа дейінгі 256 тергеп-тексеру басталды, сотқа 111 қылмыстық іс жіберілді, 137 адам сотталды.

Азаматтарды жұмысқа орналастыруға, олардың өмір сүруіне қолайлы орта мен инфрақұрылым құруға, жерді бөлуге және халықты толғандыратын басқа да өзекті тақырыптарға бағытталған бағдарламаларды орындау кезінде заңдылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарын тексеру қорытындысы бойынша 1,4 млрд теңгені тиімсіз пайдалану, бюджет қаражатын жымқыру және 1 млрд теңгеге бизнес бастамаларды қолдауға арналған гранттарды мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ жалпы сомасы 39,3 млн теңгеге жалған жұмысқа орналастырудың 400-ден астам фактісі анықталды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес қалаларда тығыз салынған құрылыс проблемаларын шешу бойынша шаралар қабылданды.

Мәселен, елордада прокурорлардың араласуынан кейін қала құрылысы шешімдері жойылып, рекреациялық аймақтарда 40 тұрғын үй құрылысының салынуына жол берілмеді, ұзақмерзімді құрылыстар саны екі есеге қысқарды.

Елімізде құрылыс салушылардан бұрын 150 саябақ, 27 балабақша, 30 мектеп пен емхананы салуға арналған жер учаскелері қайтарылды.

Нәтижесінде мемлекетке 1 млн га астам, игерілмеген және заңсыз берілген учаскелер 34 млрд теңгеге қайтарылған жерлерді нысаналы пайдалануды тексеру жалғастырылды. Жайылым тапшылығы 29 млн га-дан 8 млн га дейін қысқарды.

Үкіметпен және мүдделі органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру басталды.

Осыған байланысты Берік Асылов прокуратура органдарының инвестициялық жобаларды тиімді сервистік сүйемелдеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға баса назар аударды.

Атап айтқанда, инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың барлық шектеу-тыйым салу шарасының прокурорлық сүзгісін көздейтін Бірыңғай цифрлық платформа негізінде «жасыл дәліз» жүйесі енгізілуде. Бұл олардың әрқайсысы үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге және олардың бизнес жүргізу кепілдіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында прокурорлар 1 мыңнан астам маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдейді. Қазірдің өзінде ел экономикасына салымдардың жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 75 инвесторға қолдау көрсетілді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шеңберінде прокурорлардың актілері бойынша барлығы 5,7 мың заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолын кесті, 14 мың тыйым салу және шектеу шаралары жойылды, 689 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 97 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 129 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалды және қалпына келтірілді.

Қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс жалғастырылды.

Биыл Парламент Франциямен құқықтық көмек көрсету, Өзбекстанмен сотталғандарды беру, Кипрмен құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы 4 халықаралық шартты ратификациялады.

Басқа елдерден Қазақстанға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп айыпталған іздеуде жүрген 52 адам экстрадицияланды.

Қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету шеңберінде прокурорлар қылмыстық орбитаға 1,2 мыңнан астам азаматты негізсіз тартудың жолын кесті, қылмыстық қудалау органдарының қызметтік үй-жайларынан 800-ден астам адам босатылды.

Прокурорлардың бастамасы бойынша 1332 адамға қатысты үкімдер сәйкес келтірілді, бұл ретте 315 сотталушының жағдайы жақсарды, 10 адам ақталды.

Азаптаулардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде мұндай фактілерді тіркеуді 50% - ға (791-ден 398-ге дейін) төмендетуге қол жеткізілді.

Сонымен қатар осы санаттағы істерді тергеу сапасы жақсарды, биыл олар сотқа екі есе көп жіберілді. Күштік органдардың 69 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылды, 31 адам сотталды.

Сондай-ақ прокурорлар қоғамдық наразылық тудырған бірқатар күрделі қылмыстық істерді тергеп, сотқа жіберді. Олардың қатарында Алматы «Метрополитенінің» басшылығымен 5 млрд теңге жымқыру, Абай облысындағы орман өрті, ал Екібастұз ЖЭС-тағы апат, Жетісу облыс әкімдігінде жымқыру, Қостанай облысындағы қару-жарақ дүкенінде жарылыс және орман өрті туралы істер бойынша айыптау үкімдері болды.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор қадағалау жұмысының негізгі бағыттары бойынша басым міндеттерді белгіледі.

Алдағы кезеңде прокурорлардың күш-жігерінің назары құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әсіресе отбасылық-тұрмыстық салада, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткіге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске, азаптауға, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға бағытталатын болады. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және мемлекеттік органдардың бизнеске қысымын төмендету жөнінде шаралар қабылдау жалғастырылады. 

Активтерді қайтару комитетіне елден заңсыз шығарылған капиталды анықтау және қайтару бойынша толық шаралар қабылдау туралы жеке тапсырма берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы