Бас прокуратура Қожамжаров пен Нығматуллин ісіне қатысты мәлімдеме жасады
Мәжіліс кулуарында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты жүргізіліп жатқан тергеулер жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс өндірісте, алайда оның процессуалдық мәртебесі әзірге айқындалмаған.
Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, оның мәртебесі әзірге анықталған жоқ. Қалған мәселелер тергеу қорытындысы бойынша шешіледі, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ал Арғын Нығматуллинге қатысты сұраққа жауап бере отырып, ол қылмыстық істің қозғалғанын растады.
Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол іздеуде жүр. Қосымша ақпарат жоқ, - деп қосты Бас прокурордың орынбасары.
Бұған дейін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 наурызда белгілі болғандай, ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы сенатор, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаровтың "Қорғас ісіне" қатысы барын растады.
Бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та осы мәселеге қатысты ойын айтқан болатын. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Антикордың бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың ісіне қатысты пікір білдірген еді. Ол "Қожамжаровтың кінәсі дәлелденсе, Ресейден алдыртамыз" деген болатын.