Бас прокуратура: Қаңтар оқиғалары бойынша 3 770 қылмыстық іс қозғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов хабарлады. 

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет Басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға, қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру; ұрлық; қарақшылық; бұзақылық; қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде, - деп атап өтті Бас прокурор. 

Сонымен қатар ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті қандай істерді тергеп жатқанына тоқталды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті: – мемлекетке опасыздық жасау, – билікті басып алуға әрекет ету және – аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов  және оның 3 орынбасары, сот санкциясымен қамауға алынды. Осы  органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне, «өте құпия» деген белгі берілді. Осыған орай, тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз, - деді Берік Асылов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокурор қаңтар оқиғасында 800-ден астам бейнекамераның қиратылғанын айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы