Бас прокуратура казиноға барған мемлекеттік қызметшілерге қатаң жаза қолданады

Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетерлігі, осыдан бірнеше апта бұрын әлеуметтік желілерде Алматы облысында 305 мемлекеттік қызметшінің казиноға барып, 507 млн теңге жұмсағаны туралы ақпарат пен қорытынды құжат таралған болатын. 

Иә, желіде ондай ақпарат болған, әлі де бар. Әр дерек бойынша сәйкес мемлекеттік органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Осы тексерістердің нәтижесінде ең қатал шара қолданылатын болады, - деп атап өтті Әсет Шындалиев Сенат отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында. 

Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залының жұмысын тексеру барысында мемлекеттік қызметте жұмыс істеген кезеңде казино залдарына түрлі өңірлерден 305 мемлекеттік қызметші келгенін анықтады. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құмар ойындарын ойнаған мемлекеттік қызметшілерге қатысты мәселелер бойынша тексеріс шаралар өткізіп жатқандағы белгілі болды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Әсет Шындалиев құмар ойындарға жеке басы қызықпайтынын айтқан еді. 

Казино ойындары – әлеуметтік мәселе. Ол құмарлықтан гөрі ауру деп айтар едім. Яғни лудомания деген ғылыми термин бойынша ол – психологиялық ауру. Мен (казиноға – ред.) барған жоқпын, - деді Бас прокурордың орынбасары. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы